Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазына» активтерін «Қазпоштада» орналастыруды ұсынды
Былтыр «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде сақтаған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни мемлекеттегі қаражаттың көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген. Мұны Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты. Мысалы, 1 трлн теңгені жекеменшік банкте сақтаса, әлгі қаржы ұйымы жылына орта есеппен 150 млрд теңге табыс табады. Депутат Үкіметтің инвестициялық жобаларға алатын несиесі, оған бөлетін бюджеттік қаражаты мен «Самұрық-Қазынаның» қаржылық активтері «Қазпошта»-да орналастырылсын деді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жекеменшік банктерге орналастырылған «Самұрық-Қазына» қорының 6 триллиондай қаржылық активтерінің 10%-і ғана «Қазпошта»-ға орналастырылса, онда мемлекеттік компаниямыздың жылдық табысы шамамен 40 млрд теңгені құрайды. Яғни «Қазпошта» донор компанияға айналады. Бюджет үнемделеді, «Самұрық-Қазына» дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды.