Смайылов Иранның бірінші вице-президентімен кездесті
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды.
Үкімет басшысы Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен кездесу өткізіп, екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады. Осы келіссөздердің нәтижесінде қазақстандық компаниялар Иранға 60 млн долларға өнім экспорттау жөнінде келісім жасасты. Қазақстан үкіметінің басшысын Иран президенті Ибрахим Раиси қабылдады.
Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың ресми сапарына орай Иранның Құрметті қарауылы бой түзеп, екі елдің әнұраны шырқалды. Жалпы бұл ел – Қазақстанның Парсы шығанағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Әлихан Смайылов Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан үшін Иран Ислам Республикасы маңызды сыртқы нарық болып табылады. Бізде энергетика, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы да басқа салаларда елеулі резевтер бар. Осы бағыттарды әрі қарай күшейту үшін біз еліміздің арнайы Сауда өкілін тағайындаймыз. Қазақстан қазірдің өзінде Иранға жалпы құны 250 миллион доллар болатын 75 тауар позициясы бойынша экспортты қосымша ұлғайтуға дайын.
Мохаммад Мохбер, Иранның бірінші вице-президенті:
- Қазақстан мен Иранды дәстүрлі серіктестік пен тату көршілік қарым-қатынас байланыстырады. Мұны екі ел басшылары арасындағы кездесулердің қарқындылығы дәлелдейді. Дегенмен өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өзара сауданың өсуіне қарамастан, бұл көрсеткіштер екі елдің әлеуетін әлі де толық көрсете алмай отыр.
Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлінді. Бұдан басқа, инвестиция тарту, транзиттік-көлік жобаларын жүзеге асыру және жүк тасымалдау көлемін арттыру жайы ортаға салынды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Екіжақты сауданың елеулі үлесін құрайтын ауыл шаруашылығы саласы біздер үшін перспективті болып табылады. Дәнді дақылдар сияқты дәстүрлік экспорттық тауарлардан басқа біз қазақстандық ұн өнімдерін, макарон және кондитерлік тауарларды, өсімдік майларын және басқа да мал өнімдерін сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Сондай-ақ біз көктем кезінде халықтың қажеттігін қамтамасыз ету үшін ирандық ерте көкөністер мен жемістерді жеткізуді арттыруға мүдделіміз.
Мохаммад Мохбер, Иранның бірінші вице-президенті:
- Құрметті Премьер-Министрдің сапары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын 3 млрд доллар деңгейіне жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Біз сондай-ақ транзиттік үдерісті, ғылымды қажет ететін компаниялар арасындағы ынтымақтастықты және туризм саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келістік.
Тағы бір маңызды бағыт – автомобиль және темір жолдарды, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту. Бұл тұрғыда "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізі, атап айтқанда, "Қазақстан-Түркіменстан-Иран" бағыты ерекше маңызға ие. Келіссөздерден кейін екіжақты ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Олардың арасында туризм, спорт, жастармен жұмыс және кеден қызметкерлерін оқыту келісімдері бар.
Ернат Қашқынов, тілші:
- Еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайловтың Иранға сапары Қазақстанның парсы еліндегі Үшінші сауда-экономикалық миссиясының аясында өтті. Бұл миссияға Қазақстанның 20 компаниясы қатысты. Бұл компаниялар негізінен құрылыс, тағам, металлургия, жеңіл өнеркәсіп салаларына маманданған. Ал Иран тарапынан 150-ден астам компания атсалысты. Осы келісімдердің нәтижесінде жалпы құны 60 миллион доллар тұратын контрактілерге қол қойылды.
Нұржан Марабаев, "Sarzha Grain Terminal" ЖШС қадағалаушы кеңесінің төрағасы:
- Біз Иран Ислам Республикасындағы порттардың ең ірі операторымен келісім-шартқа қол қойдық. Бұл келісім бізге азық-түлік өнімдерін Қазақстан мен Иран арасында екі бағытта тасымалдау ісін бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған шарт біздің Құрық порты мен Иранның Әмірабад порттарының терминалдарын өзара жалғап, әрі қарай дамытуды қарастырады. Екі тарап тиісті мерзімде өнімділік қуатын қажетті деңгейге жеткізуге жауапкершілік алды. Сондай-ақ алдағы 2 жылдың ішінде Каспий теңізінде аталған терминалдар арасында құрғақ жүк таситын 4 кеме іске қосылады.
Қорыта айтқанда, тараптар қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асырудың жол картасын әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді. Бұған әлеует жеткілікті.
Сапар соңында Әлихан Смайылов Иран Президенті Ибрахим Раисимен кездесу өткізді. Басқосуда қазақ үкіметінің басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Қазақстан-Иран қарым-қатынастарын дамыту мәселесі еліміздің күн тәртібінде ерекше орын алатынын атап өтті.
Ернат Қашқынов, тілші:
- Қазақстан мен Иран арасындағы 2022 жылғы тауар айналымы 528 миллион долларды құраған. Яғни былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда алыс-беріс 19,8 пайызға артқан. Қазір Қазақстан нарығында 670 иран компаниясы жұмыс істейді. Олардың 50-і былтыр жаңадан ғана қосылған.
Ернат Қашқынов