Ақмолалық іскер әйелдер жарты миллиард теңгеден астам несие алды
Жыл басталғалы ақмолалық жүзден астам іскер әйелге жарты миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
Олардың дені ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. Жалпы жыл санап кәсіпкер қыз-келіншектерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау артып келеді. Бурабай бөктерінде өткен іскер әйелдер форумы барысында қыз-келіншектер бизнес саласындағы бірқатар мәселерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды.
Сәбира Бекқожина отыз жылға жуық ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп келеді. Егін егіп, асыл тұқымды мал өсіреді. Ауыл тұрғандарын жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр. Айталық, бүгінде облыс бойынша 300-ден астам астам шаруа қожалығын әйел адам басқарады.
Сәбира Бекқожина, кәсіпкер:
- Мен әйел адам ретінде ешқандай қиындық көріп тұрғаным жоқ. Керісінше нәзік жандылар үнемі даму үстінде болуы керек. Өйткені халықтың көбі ауылда тұрады ғой. Оларды жұмыс істеуге қызықтыра білу керек. Мен осыған баса назар аударамын.
Бір ауыл – бір өнім. Форумның алғашқы отырысында осы жобаның тиімді тұстары таныстырылды. Бүгінде бұл жоба республика деңгейін де жүзеге асып отыр. Сондай-ақ іскер әйелдерге қатысты жаңа бастамалар мен жобалар да ұсынылды.
Ерқанат Мұсылманбек, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Жақын күндері аудандардың бірінші «шеберлер көшесі» жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында біз кәсіпкер әйелдердің өнімдерін жақсы бағада саудалауға мүмкіндік жасаймыз. Тек ішкі нарықта ғана емес, экспортқа шығару да көзделіп отыр.
Қазіргі таңда іскер әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау зор. Әсіресе ауылдық жердегі нәзік жандыларға ерекше екпін түсірілген. Мәселен, осы жылдың өзінде ауылдағы 112 кәсіпкерге жарты миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Жауапты сала мамандарының айтуынша, осындай қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко