Қазақстан астық дақылдарын экспорттайтын әлемдегі 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді
Үкімет экономикадағы бизнес ортаны және инвестициялық жағдайды, оның ішінде, агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады.
Бұл туралы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында Әлихан Смайылов айтты. Премьер-Министр Қазақстанның өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Республика астық дақылдарын экспорттайтын әлемдегі 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, былтыр еліміз азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде 32-орынға жайғасты. Өткен жылы 2024 жылға дейінгі Азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын қабылдадық, ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында 2030 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр», — деді Әлихан Смайылов. Кеңеске Канада, Ұлыбритания және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшілері, АҚШ сауда палатасының, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен бірқатар жеке компания басшылары қатысты.