Астанаға Еуропадан жүк тікелей жеткізіледі

Еуропалық Cargolux жүк тасымалдаушы әуе компаниясы енді Астана әуежайымен бірлесіп жұмыс істейді.

Бүгін бас қаланың ұшу алаңына компанияның алғашқы транзиттік рейсі қонды. Әлем нарығындағы ірі ойыншының Қазақстанға келуі отандық компанияларға не береді?

Бауырсақ, шапан, ұлттық әуен. Астана әуежайы жаңа серіктестерін осылай қарсы алды. Бүгін Сargolux компаниясының алып борты біздің елге алғашқы транзиттік рейсін орындады. Қытайдан шыққан ұшақ Астанаға аялдап, әрі қарай Люксембургке ұшады. Болашақта Люксембургтен Қытай, Жапония және Тайвань қалаларына аптасына 10-нан астам рейс жасау жоспарланған. Оның 8-і транзиттік, қалғаны коммерциялық.

Кристиан Серво, Cargolux әуе кемесінің капитаны:

- Қытайдың Чжэнчжо́у қаласынан Астанаға 5 сағаттан артық ұштық. Бұл астанаға алғаш келуіміз. Қонақжайлық көрсетіп, жылы қарсы алғандарыңызға көп рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. 

Елорда әуежайы географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан. Сargolux компаниясының Еуропа-Қазақстан-Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасында жүк тасымалдау үшін Астананы таңдауының бір себебі осы болса керек. Әрине инфрақұрылымның да орыны бөлек. Жалпы біздегі әуежай табысының 70 проценті жүк тасу арқылы келеді. Қалған 30 проценті жолаушылар тасымалынан түсетін қаржы. Сондықтан мұндай ынтымақтастық экономикалық тұрғыдан тиімді дейді мамандар. 

Дәулет Хамзин, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл біз үшін үлкен қадам. Өйткені бұған дейін Астана әуежайындағы жүк тасымалдайтын рейстерде тұрақты коммерциялық бағыт болған жоқ. Ал Сargolux-пен ынтымақтастығымыз отандық компанияларға Еуропадан Астанаға тікелей жүк тасымалдауға жол ашады. Бұрын өзге елдер арқылы келген тауарлар енді тікелей жеткізіледі, жүк тасымалының уақыты қысқарады.

Елордалық әуе айлағы бірнеше сауда-логистикалық хаб құру бағдарламасын іске асырып жатыр. Таяуда экзотикалық жеміс-жидек, әуе кемелері мен көлік бөлшектері және сертификатталған тауарларға арналған хабтар жұмыс істейді.

Ғазиза Мұхамеджанова, Ырыстанбек Оспанов, Досхан Қораз