Маңғыстауда жоғары қысымды жерасты газ құбыры іске қосылды
Ұзындығы 60 шақырымдық желі Құрық ауылын «Сарша» жері және Ақтаудағы «жылы жағажай» курорттық аймағын көгілдір отырмен қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес маңызды жобаны «Самұрық-Қазына» тобына кіретін «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы - «ҚазТрансГазАймақ» мамандары жүзеге асырды.
Жоғары қысымды құбыр Каспий жағалауындағы 5 демалыс базасы мен облыс орталығын газбен қамтиды. Көгілдір отын желісіне жағажайда енді салынатын қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтары қосылады. Жалпы алғанда, «Жылы жағажай» курорттық аймағы сағатына 20 мың текше метр газ тұтынбақ.
Ақбар Төлегенов, "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- QazaqGaz Маңғыстау облысында жалпы құны 260 млрд теңгеден асатын бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. «Жылы жағажайға» газ құбырын тарту Құрық елдімекенін, осы аумақтағы өндірістік және демалыс нысандарын да газдандыруға мүмкіндік береді. Жоба өз кезегінде өңірдің экономикалық әрі туристік әлеуетін арттыруға тың серпін береді.
Магистральды газ желісі өңірде су тапшылығы мәселесін шешуге де оң ықпал етеді. Мәселен, келешек жағажайда су тұщыту зауыты салынады. Кәсіпорын сағатына 21 мың текше метр газ тұтынып, 50 текше метрге дейін тіршілік нәрін өндіреді. Бұл, өз кезегінде тұрғындарға тәулігіне 1,2 млн литрге дейін су беруге сеп болады.
Ғибрат Ауғанов, "Самұрық-Қазына" қорының басқарушы директоры:
- 13 инфрақұрылымдық үлкен жобалар бар елімізде. Соның ішіндегі біреуі осы Сарша. 2021 жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы тапсырма берген еді. Сол тапсырма бойынша осы жылы жағажайда газ құбыры салынып, бұл енді елдімекендерге, ауылшаруашылығы, орта және шағын бизнеске тиімті, тың серпін береді.
Газдандыру жобасы аймақта ауылшаруашылығы саласын дамытуға да серпін береді. Маңғыстауда егіс алқаптары жоқтың қасы. Сол себепті дәнді дақыл жылыжайларда өсіріледі. Бұл ретте фермерлердің газға деген сұранысы осы құбырдың өткізу қабілеттілігі жоспарына енгізілді. Мәселен, Қарақия және Мұнайлы ауданындағы шаруа қожалықтарына енді сағатына қосымша 36,5 мың текше метр газ беріледі.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев