Шетелге заңсыз шығарылған 760 млрд теңгеден астам актив қайтарылды

Қазақстаннан заңсыз шығарылған 760 млрд теңгеден астам соманың активтері мемлекетке қайтарылды.

Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен активтерді қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Шетелдерден жалпы құны 575 млн доллардың активі елге қайтарылды. Оның ішінде Лихтенштейннен 260, Біріккен Араб Әмірліктерінен 232, Австриядан 82, ал Гонконгтан 1 млн АҚШ долларының активі қайтты. Сондай-ақ бұрын олигополия субъектілерінің пайдасына негізсіз шығарылған 24 шешімге қатысты Бас Прокурордың наразылығын Жоғары Сот қанағаттандырды. Мәселен, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31 процент акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданған. Бұдан бөлек, заңсыз сатылған өндіріс нысандары, базарлар, коммерциялық үй-жайлар мен қымбат жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Зейін Әліпбек, активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі:

- Мысалы күні бүгінге дейін комиссияның жұмысының нәтижесінде 100 млрд теңгенің салығы қайтарылды. Кезінде заңсыз жолмен, түрлі жеңілдіктер алып алып, мемлекеттің қазынасына түспей қалған. Ол мысалы салық органдарының түсуі тиіс шоттарына түседі. Сол сияқты күні бүгінге дейін барлығы 460 мың гектар жер заңсыз алынған, не пайдаланылмай жатқан  ауылдағы болса ауылдарға қайтадан қайтарылды.