Ел экономикасы 5% өсті
Биыл ел экономикасы өткен жылмен салыстырғанда 5%-ке өсті.
Оның ішінде нақты сектор 4,8, көрсетілген қызмет секторының өсімі 4,9%-ке артқан. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық салада серпіліс бар. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары қарқынды дамып жатыр. Ал инвестиция 18%-ке өсті. Негізінен көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, және тау-кен өндірісіне қаржы көп құйылған.
Сондай-ақ Үкімет отырысында ел қазынасының толысып жатқаны айтылды. Соңғы 4 айда мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге түскен.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі жағдайда біз экономикалық өсімнің жоғарғы қарқынын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл оңай шаруа емес. Оған экономиканың салаларында үйлесімді жұмысты қамтамасыз етіп, қол жеткізуге болады. Министрліктер мен өңір басшылары әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштерін қатаң бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.