Қазақстандық өнімдер Қытай нарығын бағындырады
«Қазақстанда жасалған» брендін Қытайда кеңінен таныту қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көрші ел нарығына отандық өнімдерді көптеп енгізу үшін екі ел тарапы жаңа уағдаластыққа қол жеткізді. «KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мен «Ухань Ханьоу» халықаралық логистикалық компаниясы меморандумға қол қойды.
Қазақстандық тауарлар Қытайдың Хубэй провинциясында сатылымға енбек. Бұл мақсатта аймақта арнайы сауда орындары ашылып, қазақ мәнеріне сай стендтер орнатылады. «KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру және «Ухань Ханьоу» халықаралық логистикалық компаниялары арасындағы меморандум нәтижесінде бұл бастама іске аспақ.
Сергей Салманов, «KazakhExport» компаниясының Қытайдағы директоры:
- 2019 жылғы 12 желтоқсанда Ухань қаласының Чжуншан сауда жүйесінде алғаш рет қазақстандық өнімдерден жасалған арнайы орын ашылды. 2020 жылдың басында тағы бір орынды ашуды жоспарладық. Індет салдарынан ол жоспарымыз іске аспай қалды. Бүгін қол қойылған меморандум бастаманы жалғастыруға мүмкіндік береді.
Меморандумға сәйкес Қытай компаниясы қазақстандық тауарлар мен «KazakhExport» мүмкіндіктерін көршілес елдің аумағында ілгерілетуі тиіс. Ал өз кезегінде «KazakhExport» оларға отандық өндірушілермен байланыс Орнатуға Көмек Көрсетеді.
Ша Пэнцзюнь, «Ухань Ханьоу» халықаралық логистикалық компаниясының бас директоры:
- Меморандум арқылы біз Хубэй провинциясы мен Ухань қаласының Қазақстанмен мәдени және сауда-экономикалық байланыстарын нығайтамыз. Бұл екі елдің экономикасына да тиімді әсерін тигізеді.
Келісім Сианьда өткен Сауда-экономикалық миссия шеңберінде жасалды. «KazakhExport» бұған дейін Қытайға азық-түлік, кондитерлік және макарондық өнімдерді жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізген еді.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері «KazakhExport»-тың қолдауымен отандық компаниялар жалпы сомасы 53 млрд теңгеге тең экспорттық келісімшарттар жасады.