Лондонда АХҚО-ның мүмкіндіктері таныстырылды
Лондонда заңгерлер мен консалтинг компания өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Түсіндірме жұмыстарын қаржы орталығының артықшылықтарымен етене таныс британиялық әріптестері жүргізді.
Бүгінгі таңда 53 британиялық компания «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Олар консалтинг, заң, IT және басқару қызметтерін көрсетеді. Геосаяси қақтығыстар мен ел ішіндегі бүліктер олардың сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан бизнес қауымдастықты ұдайы ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды.
Эндрю Олдлэнд, «Астана» ХҚО Құқықтық консультативтік кеңесінің мүшесі:
- «Астана» – ағылшын құқығы қағидаттарына сүйене отырып, ерекше құқықтық режимде жұмыс істейтін, бизнес иелеріне жеңілдіктер ұсынатын халықаралық қаржы орталығы. Бұл артықшылықтар инвесторлардың Қазақстанға ағылуына жол ашады деп ойлаймын. Қаржы орталығы инвесторлардың сенімді болуына толық кепілдік бере алады. Сол туралы айтуға келдік.
Кездесуге қатысушылар – британиялық бизнес иелеріне заң және есеп-қисап қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері. Қаржы орталығының артықшылықтары туралы олар білсе, клиенттері де хабардар болады. Мұндай басқосулар нысаналы аудиторияны тартудың тиімді түрі, - дейді ұйымдастырушылар. Жиналғандарды Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері тақырыбы аса қызықтырды. Халықарлық арбитраждық орталықтың және соттардың дауларды шешу мәселесі де олардың назарынан тыс қалмады.
Джамшид Пиру, адвокат:
- «Астана» қаржы орталығының нормативтік-құқықтық ортасының жетілгендігіне және халықаралық деңгейдегі сұраныстарға жауап беретініне көзіміз жетті. Қаржы орталығы ағылшын құқығына негізделгендіктен, келісімшартқа отырған тараптар соттар алдындағы дауларын шеше алатындығына сеніміміз артты.
Қаржы орталығы туралы британиялық ірі сауда және инвестиция компаниялары, Лондон қор биржасындағылар жақсы біледі. Бірақ тізімнің төменгі жағында тұрғандар бейхабар болуы мүмкін. Ендігі мақсат – жергілікті бизнес қауымдастықты түгел қамтып, орталық жұмысын одан әрі жетілдіру. Ал бұл уақытты қажет етеді. Дубайдағы халықаралық қаржы орталығының танылуы үшін шамамен 15-20 жыл кетіпті. Бірақ «Астана» қаржы орталығына 7-10 жыл да жеткілікті болады, - дейді мамандар.
Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы.