Үкімет басшысы Қатар экономикалық форумына қатысты
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қатар экономикалық форумына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Доха қаласында өтіп жатқан биылғы жиын жаһандық дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналды. Форумда дамушы нарықтарға инвестиция салу, тиімді энергетикаға көшу, сауда мен қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу, блокчейн тақырыптары талқыға түседі. Қатар астанасындағы басқосуға шет мемлекеттер басшылары мен үкімет жетекшілері, әлемдік ірі корпорациялардың өкілдері қатысып жатыр. Инвесторлар мен осы саладағы жетекші сарапшылар да форумда өзара пікір алмасады.
Іс-шара аясында Әлихан Смайылов Қатар әмірі, шейх Тәмим бин Хамад әл Танимен және премьер-министр, Сыртқы істер министрі, шейх Мұхаммед бин Абурахман әл Танимен кездеседі. Үкімет басшысы ірі компаниялар мен қаржы ұйымдарының жетекшілерімен де келіссөз жүргізеді.