Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар саны екі миллионнан асты
Елде орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар саны 2 милионнан асты.
Жыл басынан бері олардың қатары 100 мыңға артқан.
Енді осындай кәсібін бастағысы келетіндерге қандай жағдай бар? Үкіметтің көмегі қандай?
Сөре, кереуеттер және өзге де түрлі жиһаз. Ербақыт Ақберен былтыр ғана Моңғолиядан қоныс аударған. Келе бизнеспен айналысуды жөн көріп, осы шағын цехты ашқан.Өз айтуынша, Қазақстанда кәсіп бастауға мүмкіндік жеткілікті.
Ербақыт Ақберен, кәсіпкер:
- Қазақстанда бизнеске жайлы климат қалыптасқан. Әсіресе тұтынушылар қатары өте көп. Мәселен, Моңғолияда небәрі 3 миллион адам тұрады. Ал, Астана мен Алматы халқының саны 4 миллионға жуықтайды. Бүкіл елді алсақ 20 миллиоиннан аса адам бар. Қазір қолданып жатқан ағаштарым көрші Ресейден келеді. Қолайлы. Ал Моңғолияға жеткізуде біраз кедергілер болады.
Бұған қоса біздің елде тауарды онлайн арқылы сатуға болады. Бұл да болса қолды ұзартып тұр. Ал шағын цехта кейіпкеріміздің өзі және 2 ағасы жұмыс істейді. Яғни отбасылық бизнес деуге болады. Өнімдерге сұраныс жоғары. Жыл басынан бері таза кіріс көлемі 35 миллион теңгеге жеткен.
Ербақыт Ақберен, кәсіпкер:
- Аптасына 4-5 ірі тапсырыс аламыз. Одан бөлек те жиһаздарды жасай береміз. Мысалы, 1 күнде 3-4 үстел, 10-15 орындық құрастырамыз. Жұмысымыз барынша автоматтандырылған. Өте ыңғайлы. Керекті шикізатты онлайн тапсырыс береміз. Тез жеткізіледі. Қысқасы, қолынан іс келетін және жұмыс істегісі келетін адамға барлық мүмкіндік бар.
Ербақыт алдағы уақытта жиһаз өндірісін ұлғайтып, өзі сияқты тағы бірншеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұған өз басы қолдау да, мүмкіндік те жеткілікті дейді.
Аслан Қаженов, Полина Зачиналова, Мейрам Жүнісов