Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көлемі жағынан үшінші орынға шықты
Алматы облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 4 триллион 249 миллиард теңгеге жетіп, аталған көрсеткіш тұрғысынан республика бойынша үшінші орынға шықты.
Бұл туралы бүгін Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифингте өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді. Ал экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібінің үлесі 503 миллиард теңгеге жеткен. Құс және құс етін өндіру бойынша облыс көш бастап тұр. Халықты ауыз сумен қамту бойынша биыл облыста 62 жобаны жүзеге асыруға 28 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5 пайызға жетеді. Қазір өңірде 8 мәдениет үйі мен 8 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қарасай ауданының Шалқар ауылындағы жекеге өтіп кеткен мектеп ғимараты мемлекетке қайтарылды. Жергілікті журналистер алдағы уақытта казинолар Қонаев қаласынан басқа жаққа көшіріле ме, «Кеген-Нарынқол» тас жолы қашан жөнделеді деген сауалдарына жауап алды. Облыс әкімі сондай-ақ елді мекендерді газдандыру жайы мен Қонаев қаласын дамыту жайын баяндады.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
-Газдандыру жұмыстары да жүріп жатыр. 147 елді мекен газдандырылып, 1 млн 11 мың тұрғын көгілдір отынға қосылу мүмкіндігі бар. Жылдың аяғына дейін тағы да 9 елді мекен газдандырылатын болады. Жылдан жылға жолдардың сапасы дұрысталып келе жатыр. 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделген болатын. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд теңге бөлінді.