Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп саласының бірлескен жобалары талқыланды
Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп саласы мамандары бірлескен жобаларды талқылады.
Көрші елдің ірі компания басшылары мегаполиске алғаш рет келіп, инвестициялық әлеуетімен танысуда. Екі ел президенттерінің кездесуінен кейін, инвестициялық келісім-шарттар мен, сауда-саттық байланысының жол картасы жанданған болатын, енді бұл салада қалай дамымақ?
Шымкентке Узбекстандағы ең ірі тоқыма өндірісі басшылары келген. Мақсат – жергілікті әріптестерімен байланыс орнатып, Қазақстан нарығына жол ашу.
Дәулет Тұрсынбаев,тоқыма фабрикасының өкілі, /Өзбекстан/:
- Біз қазақстандық өндіріспен байланыс орнатуға мүдделіміз. Сондықтан құзыретті органдарда ресми тіркеуден өттік. Себебі нарығы кең, инфрақұрылымы дамыған.
Фахридин Хайдаров тоқыма фабрикасының өкілі, /Өзбекстан/:
- Болашақта өндіріс ашуды көздеп отырмыз. Мақта Өсіруден бастап оны өңдеу және дайын тауар шығару жоспарда бар.
Өңірдегі тоқыма өнеркәсібінің дамуына екі ел президенттерінің наурыз айындағы кездесуі түрті болды. Бұған дейін тоқырауға тап болып, жұмысы тоқтап тұрған фабрикалар жөнінде айтылған болатын. Шымкентте мұндай екі бірдей өндіріс орны бар. Жылына 18 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы. Қазір істі одан әрі өрбіту де көзделіп отыр.
Олжас Сапарбеков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
- Жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма, тері-аяқ киім саласында да келісімге қол жеткіздік. Алғашқы қадам да жасалып отыр. Бұл бастама Қазақстан өндірісі мен Өзбекстандық компаниялардың да біздің елдегі тауар шығару көлемін арттыруға жағдай жасайды. Жаңа бағытты игеріп, экспорттық нарыққа тауар жөнелтуге де мүмкіндік туады.
Бизнес өкілдері жергілікті нарықтың қыр-сырымен өндіріс орнында жүріп танысты. Мақта егуден бастап дайын өнімге дейін шығаратын кәсіпорын директоры Бекет Тұрсынханов елімізде жеңіл өнеркәсіптің шығыны көп дейді. Мәселен осы фабрикаға 70 млн доллар инвестиция салынған. Шығынын өтеп, табысқа шығу ұзақ мерзімге созылатындықтан кез-келген кәсіпкер бұл салаға келгісі жоқ.
Бекет Тұрсынханов, фабрика директоры:
- Біз жылына 100 мың тонна мақта жібін өндіреміз. Оның 85 проценті экспортқа кетеді. Себебі шикізатты терең өңдеу жүйесі Қазақстанда жоқ. Егер өзбекстандық әріптестеріміз келіп, Шымкентке өндіріс ашса бірге жұмыс істеуге әзірміз. Бәсекелелестіктен қорқып тұрғанымыз жоқ.
Еліміздің оңтүстігінде жеңіл өнеркәсіпке бет бұрған бірнеше өндіріс орны ашылған. Бірақ нарықта әлі де болса ірі өндіріс орны тапшы. Бұл салада оңтүстіктегі көршіміздің соңғы 7 жылда үлкен жетістікке жеткенін мамандар мойындап отыр. Бұған мемлекеттік қолдаудың айтарлықтай орны бар. Сондықтан Қазақстан да тиімді қаржылау жолдарын қарастырып жатыр.
Жанар Ибрашева, «Өндірісті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Өнеркәсіпті дамыту қорында қажетті ресурс жеткілікті. Жобаларды қаржыландыруға да мүмкіндік мол. Мәселен, 2022 жылы шикізат өңдеу саласын дамытуға 500 млрд теңге қаржы тартылды. Жылдық үстемақы көлемі – 9%. Ал жеңіл өнеркәсіп үшін 3% ғана құрайды.
Өзбекстандық кәсіпкерлер елімізге дайын тауар тасымалдап ғана қоймай, Қазақстанда өндіріс орнын ашуды көздеп отыр. Бұдан бөлек Еуроодақтың өзге де нарығы қызығушылық тудырған. Себебі отандық фабрика өкілдері Еуропаға шикізат пен матаны экспорттауды әлдеқашан жолға қойған.
Мансур Есқожин, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов