Қазақстан мен Иран іскерлері бас қосты
Отандық компаниялар Иранға 250 млн доллардың 75-тен астам тауар түрін жеткізуге дайын.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумы барысында белгілі болды. Жиында екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтып, экономикалық әріптестікті жалғастыру мәселесі айтылды. Бүгінге дейін қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 528 млн долларға жеткен. Кездесуде Қазақстан мен Иранның 100-ден астам ірі және орта компания өкілдері екіжақты келіссөздер жүргізді. Меймандар отандық ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнеркәсібі өнімдеріне ерекше басымдық беріп отыр. Иранға негізінен арпа, бидай, сұлы өсімдік майлары көп экспортталады. Ал Ираннан бізге мұнай өнімдері, жаңа піскен көкөніс пен жемістер, құрылыс материалдары импортталады.
Қайрат Төребаев ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Негізгі тауар экспорты ауылшаруашылық тауарлары. Біз қазір бидайды жақсы экспорттап жатырмыз. Негізі Үкімет басшысы тауар айналымын 3 млрдқа дейін жеткізу қажетігін тапсырды. Сондықтан біз осындай шаралар ұйымдастырып жатырмыз.