Тараздық өнертапқыш жаңалығын өндіріске енгізе алмай жүр
Тараздық өнертапқыш Марат Аюбаев өртке қарсы 7 жаңалық ашып, шығынды қалай азайтуға болатынын ойлап тапқан.
Қазірдің өзінде қызыл жалынмен күресудің бірнеше әдісін патенттеген. Алайда жаңалығын өндіріске енгізуге ешкім мүдделі емес. Идея тек қағаз жүзінде қалып отыр.
77 жастағы Марат Аюбаев көпсалалы өрт машинасын ойлап тапты. Бұл техниканың өзге машиналардан айырмашылығы - тілсіз жауды бірнеше тәсілмен ауыздықтай алатындығында. Дәлірек айтқанда аталған көлікте қазандық орнатылған. Бұның көмегімен су буға айналады. Нәтижесінде су үнемделеді.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
- Бұл машина физика заңына негізделген. Физика заңында бір көлем судан 5 мың көлем бу алуға болады. Бұл дәлелденген. Машинаның ішінде бу қазандықтарын қойсақ, сонда 24 сағаттай тоқтаусыз жұмыс істейді.
Құрылғыны түрлі салада қолдануға болады. Өнертапқыштың айтуынша жоба жүзеге асса, нағыз техникалық төңкеріс болмақ.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
- Бұл жаңағы медицина айттым ғой, вирустарды өлтіру, дизенфекция, комунальный шаруашылықта қатты аязда қатып қалған құбырларды еріту. Мал, құс фермаларында вирустардың барлығын өлтіру. Кеңе, бүрге, қарақұрт дейді. Ескерткіштердің сыртын, мүсінің тазалау, ремонт кезінде тазалау. Әр салада пайдалануға болады.
Марат Аюбаев ширек ғасыр ішінде 30-ға жуық жаңалық ашқан. Оның бірнешеуі ғана патенттелген. Ал басым бөлігі әзірге қағаз жүзінде.
Марат Аюбаев, өнертапқыш:
- Менің жаңалығым жер жүзіне керек. Үкімет соны іске асуына барлық жағдайды жасауға міндетті деген заң шығару керек. Мені қолдаса, басқа да өнертапқыштарды қолдаса біздің мемлекет ең алдынғы мемлекеттер қатарында тұрмай ма?
Құрылғыны жасап, іске асыру үшін қомақты қаржы қажет. Сондай-ақ ғалымдарды жинап, ұсынылған идеяларды тез талқылап, жедел іске асыру жағын жолға қою керек, дейді ол. Алайда осы уақытқа дейін, ақсақалдың жаңалықтарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді.
Айжан Бірлікқызы, Болатбек Табалдиев