Еліміз Қырғызстанға электр жарығын беріп, орнына су алады

Сырдың төменгі ағысына келетін су мөлшері артады.

Ол үшін еліміз алдын ала келісілген міндеттемелерін орындады. Енді Қырғызстан "Тоқтағұлдан"секундына 460 текше метр су жіберуі тиіс. Қазіргі көрсеткіш бұдан сәл кем. Жағдайды еліміздің Энергетика министрлігі жіті назарда ұстап отыр. Алмасадам Сатқалиев Ташкентте қырғызстандық және өзбекстандық әріптестерімен кездесіп, вегетациялық кезеңге қатысты мәселелерді талқылады. Бауырлас мемлекеттер энергетикалық ресурс тапшылығына бірлесіп жол бермеуге уағдаласты. Сондықтан қоймалардағы тіршілік нәрін барынша тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығына сақтап қалуды ойластырып жатыр. Мәселен, Қазақстан Қырғызстанға қыркүйектен бастап келер жылдың сәуіріне дейін 1 жарым млрд киловатт/сағат электр қуатын жөнелтпек. "Сол арқылы "Тоқтағұлдан" жаз айларында қажетті су мөлшерін алуға мүмкіндік туады", - дейді мамандар.

Ералы Шынасылов, "KEGOC" АҚ жүйелік операторы диспетчерлік орталығының директоры:

- Нарын өзеніне келетін судың азаюына байланысты Қырғызстанның энергия жүйесіне қосымша электр энергиясын жеткізуді талқылап жатырмыз. Қырғыз тарапы бізден 1,5 млрд киловатт-сағат электр қуатын сұрап отыр. Қазақстан бұл сұранысты толығымен өзі өтемек ниетте. Жетпегенін Ресей Федерациясынан алатын боламыз. Соның нәтижесінде біз «Тоқтағұлда» сақталған су көлемін аламыз.