Жаңақорған шаруалары американдық қарбыз егіп, табысқа кенеліп отыр

Қызылорда облысында су тапшылығына қарамастан егінді әртараптандыру көлемі ұлғайып келеді.

Қазір өңірде көкөніс пен бақшаның үлесі 20 мың гектарға жетті. Жаңақорған ауданындағы кей шаруашылық күріштің орнына американдық қарбыз егіп табысқа кенеліп отыр.

Бұл шаруашылық негізінен күріш егумен айналысады. Бірақ соңғы уақытта су тапшылығына байланысты егінді әртараптандыруға көшкен. Осылайша 20 гектар жерге қарбыздың американдық сортын екті. 55 күнде пісетін дақылдың шығымы көңілден шығады. Әр гектарынан 25-30 тонна өнім береді, - дейді шаруалар.   

Ерқұтты Байбосын, шаруа қожалығының өкілі:

- Биылға су басында нашарлау болды. Соңына қарай жақсарып, осы жинаған, өсірген дақылдарымызды жинап алып, жіберіп отырмыз, экспорттап. Ресей және Қазақстанның шет жақтарына  - Батыс Қазақстанға, Шығыс Қазақстанға жіберіп отырмыз. 100 тоннадан жоғары жібердік. 

Жаңақорғанның Бірлік, Жайылма ауылдары тау беткейіндегі су қоймасына жауыннан жиналатын тіршілік нәрін егінге пайдаланады. Десе де диқан қауым жер астынан су алудың көне әдістерін ара-тұра қолданады. Қазір осы елді мекендер маңында бұрын ата-бабаларымыз пайдаланған тереңдігі 15 метрге жететін 6 кәріз дайын тұр. Бірақ табиғи жолмен жиналатын су қорының деңгейі әзірге жеткілікті деп отыр мамандар. 

Дәурен Әбибуллаев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- 600 гектарға жуық көкөнісіміз бар, 2 мың гектар бақшамыз бар. 500 гектар картоп егіп жатырмыз жеке шаруашылықтар есебінен. Бұл жерде қосымша тұрғындарға өз-өзін азықпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа жерлер ашылған. Сол жерді игеріп, халық егіп отыр.  

Биыл облыс бойынша 19 мың 600 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдары егілді. Бұған қоса соя дақылының көлемі 74 гектарға, қант құмайы 221 гектарға артып отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин