Астанада бос орындар жәрмеңкесі өтті
Бүгін жұмыс іздеген жастар Астананың «Арбатына» жиналды.
Көшені бойлай шатырлар сап түзеп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Елдегі ірілі-ұсақты 70-тен астам компания 1500-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. «Жастарға жұмыс» жобасы аясында өтіп отырған жәрмеңке өзге де өңірлерде жалғасады.
Астаналық Арман мамандығы бойынша радиотехник. Екі жыл бұрын диплом алған. Қазір мамандығына сай шағын фирмада уақытша жұмыс істеп жүр. Ал жәрмеңкеге өзіне тұрақты жұмыс іздеп келіпті.
Арман Жабатаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Осы 2021 жылы Евразийский национальный университетті бітіргенмін. Қазіргі уақытта өзім негізі кішігірім опыт жинап мамандықпен, қазіргі уақытта тұрақты жұмыс қарастыруға келіп тұрмын қазір. Қазір енді қарастырып тұрғанда, көптеген жұмыс орындары бар екен. Өзім негізі, қызығушылық негізі «Қазмедиа» орталығына қарастырып тұрмын. Қазір осы жерге резюмемді қалдырып, жұмыс қалдырып көремін.
Астана – армандар қаласы. Арман жетегіндегі жастар да осы жерден табылды. Олар болашағын бас қаламен байланыстырғысы келеді.
Мадина Әмсе, Семей қаласының тұрғыны:
- Семей қаласының Шәкәрім университетін аяқтадым. Осы жаққа келіп, өзіме жұмыс іздеп жатырмын. Әзірге, бір-екі орындарды өзіме түртіп алдым. Резюмемді өткізіп, хабарласады деген ойдамын. Ағылшын тілінің мұғалімімін.
«Жастарға жұмыс» жобасы аясында өткен жәрмеңкеге 70-тен астам мекеме қатысты. 35 жасқа дейінгі жастарға 1500-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке өз жемісін беріп отыр.
Нұржан Жетпісбаев, Amanat партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Жыл басынан бері біз 120-дан астам жәрмеңке өткіздік. Бұл тек қана облыс орталықтары ғана емес, бұл еліміздің облыс орталықтарына үзеңгілес шаһарлар, басқа да кішкентай ауылдық мекендерде өткіздік. Жалпы біздің есептеуімізше, 90 мыңнан астам азаматтар біздің жәрмеңкелерімізге келіп, 18,6 пайызы жұмысқа орналасқан. Біз алдын ала анонос жасаған кезде, алдын ала хабарландыру жасаған кезде мұғалім, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың жұмыс тапшылығын сездік.
Жәрмеңке жастардың кәсіби, еңбек және кәсіпкерлік әлеуетін іске асыруға көмектесуді көздейді. Сәйкесінше мемлекеттік органдардың мамандары кеңес берді. Іс-шараны алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде өткізу жоспарланған.
Нұрқанат Қанапия, Жандос Битабаров