Елдегі жұмыссыздық деңгейі қандай?
Өткен айда электронды еңбек биржасына 89 мыңнан астам бос жұмыс орыны мен 70 мың түйіндеме орналастырылды.
Мамыр айымен салыстырғанда вакансия саны 5, ал түйіндемелер 26 пайызға азайды. Елдегі жұмыссыздық деңгейі қандай?
Дархан Ахметбековтің жасы 52-де. Төрт жыл бұрын Астанаға көшіп келген ол бірден жұмыс іздей бастаған. Жоғары білімін растайтын 2 құжаты бар. Бірінші мамандығы инженер-механик, екіншісі – заңгер. Бірақ мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүр. Электрондық еңбек биржасына да тіркелген. Нәтиже болмапты.
Дархан Ахметбеков, қала тұрғыны:
- Хедхантерге де, енбек.кзтке де тіркелдім. Басқа салада еңбек өтілім бар. Түйіндемеде 2 дипломымды көрсеттім. Соған сәйкес, түрлі компаниялар хабарласып, бетпе-бет кездесуге шақырады. Бірақ «мамандығың бойынша жұмыс тәжірибең жоқ» дейді. Әрине жоқ. Егер мені ешкім мамандығым бойынша жұмысқа алмаса, тәжірибе қайдан болады?! Бәлкім жасымның үлкендігінің де әсері бар шығар, қалай дегенмен де қазіргі таңда жұмыссызбын.
Еңбек биржасының мәліметіне сәйкес, маусым айында біліктілікті қажет етпейтін сала мамандары сұранысқа ие болған. Бірінші орында байланыс орталықтарының операторлары тұр. Келесісі – күзетшілер, ал үштікті балабақша тәрбиешілері түйіндепті.
Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Еңбек.кз сайты арқылы негізі бізде жыл сайын азаматтар жұмысқа орналасады. Бүгінгі күні енбеккз өзінде, қателеспесем, 150 мыңнан аса бос вакансия бар. Жыл сайын 100 мыңнан аса азамат осы сайт арқылы жұмысқа тұрып жатады. Бұл әртүрлі мамандық иелері, әртүрлі компаниялар.
Биыл бірінші тоқсанда елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Бұл өткен жылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіштен 1 пайызға төмен. Жалпы бүгінгі күні «жұмыссыз» мәртебесіндегі азаматтардың саны 453 мыңға жуықтайды.
Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев