Атырауда салық қызметшілері кәсіпкерлер үстінен өздері арыз беріп, өздері тексерген
Атырау қаласында жыл басынан бері 365 кәсіпкердің құқығы бұзылған.
Мемлекеттік кіріс органдары 269 кәсіпкердің банктегі шотын жабу туралы заңсыз ұйғарым шығарыпты. Оған қоса салықшылар талап бойынша кем-кетікті жойған 4 кәсіпкердің есеп-шотын бірнеше күнге дейін ашпай, кәсіп иелерін әбігерге салған. Салық қызметкерлері мұнымен қоймай, Wipon қосымшасы арқылы кәсіпкерлердің үстінен өздері арыз жазып, кейін оны өздері тексерген. Бұл іске прокурорлар араласып, 36 кәсіпкерден заңсыз алынған 11 млн теңге иелеріне қайтарылды.
Алмат Сүйеуов, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:
- Салық органының қызметкерлері өздерінің тарапынан кәсіпкерлерден анықталған заңбұзушылықтар туралы хабарлама жолдап, өздері тексеріс ашу фактілері орын алды. Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, заңсыз 51 тексерістің күші жойылды. Заңсыз тәжірибе тоқтатылды. Заң бұзушылыққа жол берген кінәлі тұлғалар қатаң жауаптылыққа тартылды.