Мобильді төлем арқылы салықтан жалтару қатаң тексеріледі
Салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлер бар.
Олар тауарды сатып, төлемді мобильді аударым арқылы қабылдайды. Тиісінше пайданың бір тиынын да қазынаға қоспайды. Ал бұл заңсыз. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Елде мобильді аударымды кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Енді жауапты органдар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен аударымдарды бақылауға алуды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтсақ, үш ай бойы тұрақты түрде шотына 100 адамнан ақша түскен азаматтар назарға ілінеді. Биыл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тексеріледі. Келесі жылы квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, одан кейін жеке кәсіпкерлер назарға алынады. 2026 жылы қалған азаматтардың банк шоттары бақыланады.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Негізі жеке мақсатта пайдаланылатын мобильді аударымға ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, кез келген азаматтың жеке мақсатта аударымы болады. Ол туысқандарына, ата-анасына, баласына, достарына туған күніне сыйлық, құдай жолы, бата, той болып жатады. Сондай аударымдарға салық салынбайды.