Астықтың бағасы БҚО диқандарының еңбегін ақтамауы мүмкін

Киік мәселесі Батыс Қазақстан облысындағы шаруаларды да алаңдатып отыр.

Сонымен қатар биыл астық бағасы батыс қазақстандық диқандардың еңбегін ақтамайын деп тұр. Былтыр бидайдың тоннасы 120 мың болса, қазір 70 мыңға да жетпейді. Элеваторлар төртінші класты бидайды 63 мыңнан, үшінші сортын 68 мыңнан қабылдап жатыр. Республика партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров және Динара Шүкіжановамен кездескен диқандар осы мәселені көтерді. Депутаттар Бәйтерек ауданы Сұлукөл ауылында өткен агрофестивальге қатысып, қожалық басшыларымен кездесті. Жиында талқыланған тағы бір тақырып киіктің шектен тыс көбейіп кетуі. Қаптаған киік қазір қалаға дейін жетіп, егінге ауыз салып жатыр, дейді жұрт. 

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қалай бұл мәселені шешуге болатын тетіктерін бірге талқылап, осындай ұсыныспен қыркүйектен бастап шығайын деп жатырмыз. Себебі біздің ойымызша, киік мәселесі қазір ешқандай қожайынсыз қалып жатыр. Тек қана шаруалардың мәселесі сияқты. Шынымен қараса еліміздің мәселесі, ертең нансыз қалып жатырсақ, нанның бағасы өсіп жатырса.