180 мың гектар егін күйіп кеткен

Биыл жаздың аптап ыстығынан бірқатар өңірді құрғақшылық жайлады. Салдарынан егін науқанында өнімділік азайды.

Атап айтқанда 180 мың гектар егін күйіп кеткен. Негізінен Павлодар облысының фермерлері шығынға ұшырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі: «1 миллион гектардан астам егіннің жай-күйі нашар», - деп отыр.

Қырғызстаннан судың аз бөлінуінен қант қызылшасын егетін Жамбыл облысының шаруалары да зардап шекті. Премьер-министр Әлихан Смайылов осыған қатысты шұғыл шаралар қабылданғанын жеткізді. Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болды. Премьер-министр «Бәйтерек» холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелерін төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтауы қажеттігін айтты. Бұл жағдай бақылауда болмақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды. Сонымен қатар климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отыр. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша Жол картасын әзірлеу қажет. Өңірлер белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізуі тиіс.