Оралдық кәсіпкер аймақта баламасы жоқ бизнес ашты
Оралдық кәсіпкер аймақта әзір баламасы жоқ бизнес ашты.
Ол медициналық бахила шығарады. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қаржылай қолдауға ие болды. Қазір іскер жанның кәсібі өрге басты. Бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Цех шағын болғанымен өндіріс қуаты жоғары. Негізгі жұмыстың бәрін темір техника тындырады. Минутына кемінде 100 дана бахила шығарады. Алмагүл бұл бизнесті бес жыл бұрын бастаған. Ол кезде бала күтіміне байланысты демалыста болыпты. Алғашында жеңілдетілген несие алған. Ал 2021 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 4 млн теңге көлемінде грантқа ие болған.
Алмагүл Давыдова, кәсіпкер:
- Жүкті кезімде емханаға жиі баратынмын. Сонда медициналық бахилаға сұраныс жоғары екенін байқадым. Содан соң оны өндіру әдісін зерделедім. Отбасым мені қолдады. Бірақ құрылғы өте қымбат еді. Қаражат табу қиынға соқты. Әйтеуір мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, кәсіпті бастап кеттік. Тапсырыс көп. Кейде өндіріп үлгермей де жатамыз.
Шикізат шетелден тасымалданады. Ал өнім ішкі нарыққа шығарылады. Бахилаға медициналық мекемелермен қатар фитнес залдарынан мол сұраныс бар. Тауар Атырау, Маңғыстау облыстарына да жөнелтіледі. Өндіріс отбасылық бизнеске айналды.
Арман Давыдов, оператор:
- Мынандай двойной подошвой бахилы мына пакетке 200 штук сыяды. Соны заказ бойынша коробкаға саламыз. +Жазда кішкене заказ азаяды, бірақ көктемде, қыста, күзде тоқтамайды құралымыз. Көбісі Атырауға, олар келіп алып кетеді. Ал Оралда біздер өзіміз таратамыз.
Медициналық бахила өндірісі өңірде баламасыз бизнес болып тұр. Сондықтан іскер әйел кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Ұлттық жоба аясында 2021 жылы облыс бойынша 250 өтініш түскен екен.
Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және иид басқармасының бөлім басшысы:
- Жалпы 27 жоба мақұлданды. Жалпы сомасы 124,2 млн теңгеге. Қазіргі таңда осы жүзеге асырылған жобалар аясында 55-ке жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Екіқабатты бахила жобасы Қазақстан бойынша санаулы жерде бар. Біреуі Астанада, екіншісі осы БҚО-да.
Ал биыл бұл бағытта 138 млн теңге бөлінген. Кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін грант ала алады. Конкурс қыркүйек-қазан айларында өткізіледі. «Басты талап – жоба жаңашыл болу қажет және тұрақты жұмыс орындары қарастырылуы тиіс» дейді мамандар.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов