«Баға шығынымызды да жаппайды». Диқандар бидай құнына наразы
Қостанай облысының оңтүстік аудандарында жаз біткенде жауған жаңбыр егін орағына тежеу болды.
Соңғы төрт күн техниканың бәрі ылғалды алқапқа шыға алмай тоқтап тұр. Облыс бойынша дәнді-дақылдар алқабының 12%-і ғана жиналды. Жаздың ортасында болған құрғақшылық тағы бар, диқандар шығынға батамыз деп алаңдаулы.
Биыл Қостанай облысының оңтүстік аудандары жаз мезгілі дұрыс жаңбырға жарымады. Әсіресе Арқалық, Жанкелдин, Аманкелді аудандарында ылғал жетіспеушілігі әсіре сезілді. Сол себепті ол жақтарда бидай шығымы былтырғыдан екі есе төмен болады деген болжам бар.
Одан қалды шегіртке қаптап, киік таптап шаруаларды біраз титықтатты. Ресми мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 23 мың гектардан астам егін алқабын тұяқты жануарлар жайпап өткен. Соның жартысынан астамы Қамысты ауданына тиесілі.
Жандос Нұржанов, Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Киік төрт ауылдық окургтың егін алқабына залал келтірді. Атап айтсақ, Аралкөл, Клачковский, Алтынсарин, Талдыкөл аумақтарын қамтыды. Барлығы шамамен 14 мың гектар егінді тапап кетті. Сондай-ақ биыл аудан бойынша 37 мың гектар жерді шегіртке жайлады.
Үйірлі киік Владимир Шестериковтың мың гектарға жуық алқабын тып-типыл еткен. Жаз бойы жануарлармен арпалысып амалы құрыған шаруа олардың санын реттеу қажет деп санайды.
Владимир Шестериков, шаруа:
- Егер оны іске асыру мүмкін емес десе, онда төтенше жағдай енгізсін. Біз үшін үлкен нәубет. Түк қоймай жайпап өткен. Менің де міндеттемелерім бар, ертең қалай есептесем.
Ал Владимир Белоцерковкийдің егініне тұяқты жануар жетпеген. Астық шығымы жаман емес. Гектарынан 10-11 центнерден аламын дейді. Оны мазалайтын басты мәселе – бидай бағасының құлдырап кеткені.
Владимир Белоцерковский, шаруа қожалығының басшысы:
- Баға тым төмен. Биыл тоннасына 77 мың тенге ұсынып отыр. Былтыр 110 мың болатын. Қазіргі баға шығынымызды жаппайды. Ең болмағанда 95-100 мыңға көтерілсе, бірдеңе қылып күн көруге болар еді.
Тамыздың ортасынан ауа егінге орақ салатын оңтүстік аудандарда әзірге қарқын бәсең. Жауын-шашынды ауа-райы жұмысты тежеп тұр. Соңғы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 4 миллион 400 мың гектардың 547 мың гектары ғана орылып, жиналған. Бұл шамамен 12,5%.