Смайылов: Қанша қаржы бөлінсе де, жаңа кен орындары ашылмады

Елімізде хром, мырыш, алюминий, мыс, қорғасын сынды бірқатар металл түрі азайып барады.

Жоғары технологиялық өнімдер өндірісіне жарамды сирек кездесетін металдарды барлау ісі де баяу. Мәселені шешу үшін жол картасын әзірлеу керек.

Үкімет басшысы лицензия алған компаниялардың жаңа кен орындарын ашуға асықпай отырғанын сынға алды. Бүгінде өз міндеттерін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан лицензиялар алынып, келісімшарттар бұзылған. Ревизия жалғасып жатыр.

Тағы бір түйткіл – салада білікті геологтар мен геодезист мамандар тапшы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- 12 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестициялар салынды. Бірақ, соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды.

Әлихан Смайылов жер қойнауын зерттеудің ғылыми базасы мен инфрақұрылымын жаңартуға инвестиция тарту үшін геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтті.

Елде "minerals.gov.kz" платформасы іске қосылған. Онда барлау мен өңдеу жұмыстарына 315 электрондық өтінім түскен.