Министр Ұлттық қор туралы болжамын жариялады
Үкімет Ұлттық қордан жыл сайын 2 триллион теңге трансферт тартуды жоспарлап отыр.
Бұл қаражат әлеуметтік сала мен инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады. Алайда алынған қаржының орнын толтыру мәселесі де естен шықпауы тиіс. Қордағы қаражат шексіз емес. Мұны атқарушы билік жақсы түсінеді.
Бүгін елдің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына болжам жасалды.
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі қорға қатысты болжауын жариялады. Ведомство басшысының пайымынша, келер жылы Ұлттық қор 7,5 трлн теңгемен толығады. Одан әрі тағы екі жыл 8,3 трлн теңгеден түсіп отырады. Ал таза жинақ 2024 жылы 3,8 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңгеге жетеді. Алыс-берістен кейінгі қорда қалатын қаражат та белгілі.
ГРАФИКА
Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі
2024 жылы – 7,5 трлн теңге
2025 жылы – 8,3 трлн теңге
2026 жылы – 8,3 трлн теңге
Таза жинақ көлемі
2024 жылы – 3,8 трлн теңге
2026 жылы – 6,3 трлн теңге
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады.
Келер жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге алу жоспарланып отыр. Бұл қаражат - жол, жылу, газ, су желілерін жаңғыртуға және мектеп-емхана құрылысына жұмсалады. Ал республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге болып бекітілді. Үкімет басшысы бұл сомма мұнайдан түсетін пайдадан аспайтынын мәлімдеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Мұнайға деген ең төменгі бағаны ескере отырып, Ұлттық қорға кепілдендірілген трансферт мұнай секторынан түсетін түсімдер көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляцияны ескере отырып, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді. 2024-ші жылы әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге көзделіп отыр.
Қазына қаражаты қайда жұмсалады?
Тілші: Отырыста инфляция мәселесі де қаралды. Жауаптылардың болжауынша, келер жылы бұл көрсеткіш 6-8%-ға жетіп, 2026 жылы 5%-ке дейін төмендейді. Ал экономиканың алдағы 5 жылдағы орташа жылдық өсімі 5,8%-ға жетеді. Одан бөлек, келесі жылға арналған бюджет шығыстары 24 трлн теңгеге көбейді. Бұл қаражаттың жартысына жуығы әлеуметтік салаға тиесілі.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Шығыстар өсуінің негізгі факторлары келесідей:
- Әлеуметтік төлемдерді индекстеу, әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде қалдыру, бала күтімі бойынша кезеңді 1,5 жасқа дейін ұлғайту, гранттар саны мен стипендия мөлшерін ұлғайту, азаматтық қызметшілерге, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.
Бекзат Аманов, тілші:
- Үкіметтің алдында тұрған басты міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану. Жиында мұны Премьер-министр тағы да еске салды. Бұл жолғы бюджет - мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға бағытталған. Қабылданған Заң жобалары мен Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы енді Парламентте қаралады.
Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев