Экономиканы әртараптандыру маңызды
Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету, деді Мемлекет басшысы халыққа арналған Жолдауында.
Экономика құрылымына қатысты негізгі реформалар жайлы айта келіп, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігін айтты. «Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда» - деді Президент.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:
Бұл ретте металды терең өңдеу мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек.
Қ. ТОҚАЕВ: Өндіріс саласын ынталандыру қажет
Президент жаңа экономикалық үлгіні қалыптастыруда отандық шикізатты, тауарлар мен кадрларды, яғни ішкі ресурсты толық пайдалану туралы айтты. Яғни, жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет» - деді мемлекет басшысы.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті:
Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз.