2,6 млрд теңге және 5 жылға созылған 4 шақырым жол

Шымкентте 5 жылдан бері созбалаңға салынған жол құрылысын тапсыру мерзімі тағы да ұзарды.

Алғашқы бекітілген мердігер міндетін орындамады- дейді салаға жауаптылар.

Небәрі 4 шақырым болатын көшенің құрылысы енді басқа компанияға тапсырылды. Алайда жобадағы топографиялық түсірілім қате болып, жер асты коммуникациялық желілері кедергі келтіріп тұр. Сонымен құрылыс қашан аяқталады?

Адырбеков атындағы көшеде көлік қозғалысына шектеу қойылып, 5 жылдан бері жүргізушілерге қолайсыздық тудырып келеді. Бастапқыда бір жылда аяқталуға тиіс болған. Бірақ мердігер мекеменің салғырттығынан құрылыс басталмай жатып, тоқтап қалды. Салдарынан күніне 500 мыңдай көлік жүретін шаһарда кептеліс көбейді.

БЛИЦ:

- «По проекту декабрьда тапсырамыз» деп көшенің басына жазылған. Сосын қалып кетті ғой. Қандай себеппен екенін білмеймін, бірақ қалып кетті. Біздің де жұмыстарымыз біраз тоқтап қалды.

- Айналып келеміз. Азаннан кешке дейін не машина кіре алмайды. Переулоктер арғы шеті мен бергі шетінен бәрі жабық тұр. Кіріп-шығуымыз қиын.

Салаға жауапты басқарма өкілдерінің сөзінше, ауқымды жобаны өз мойнына алған алғашқы компания жүктелген міндетті орындай алмаған. Техникасын түгендемей, құрылысқа селқос қараған мердігермен екі жақты келісім шарт бұзылды,-дейді. Кейін қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Бірақ бұл жолы жоба құны қымбаттап, бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.

Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Жалпы жобаның бастапқы құны 1,6 миллиард теңге еді. Бағалардың көтерілуі және жобада қаралмаған жұмыстарды есепке ала отырып, жобалау сметалық құжаттама қайта қаралды. Сонымен соңғы келісім шарт 2,6 миллиард теңге болды.

Қосымша қаражат жер асты коммуникациялық желілерді ауыстыруға жұмсалады, - дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ескі екі жолақты жол жиегін кеңейтіп, 15 метрге жеткізу үшін жекеменшік учаскелерді мемлекет қажеттілігі үшін қайтару керек болды. 29 тұрғын үйге нарықтық бағалау жүргізіліп, сот процесі қайта басталды. Сондықтан кестеден кешіккен мердігерге тағы да уақыт берілді.

Сәдуақас Исмаилов, құрылыс компаниясының учаске басшысы:

- Жолды кеңейту себептерінен жол жиегіндегі орналасқан үйлерді мемлекеттік меншікке өткізу немесе сатып алуды тездетіп беруді өтінгенбіз. Қазір сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Біз соған қарап тіреліп тұрған едік. Ол мәселемен бірнеше рет басқармаға шыққанбыз.

Құрылыс жобасына сәйкес мердігерлер көшені кеңейтіп қана қоймай, жаяу жүргіншілер жолын да салуға тиіс. Сондай-ақ жарық бағаналарын орнатып, ирригациялық жүйені жаңартуы керек.

Биыл 5 жылдан бері созбалаңға салынған жол құрылысы аяқталуға тиіс. Салаға жауаптылар жыл соңына дейін жаңғыртылған жаңа көшені пайдалануға береміз дейді. Ал оған дейін автокөлік жүргізушілері балама жолмен амалдап, көшені айналып өтуге тура келеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, «Хабар 24», Шымкент