Қазақстан Қытайға ет экспорттайды
Біздің ел биыл Қытайға ет экспорттауды бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көрші елмен келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков мәлімдеді. Батысқазақстандық шаруалармен кездесуде осы саладағы өңір үшін өзекті мәселелер талқыға түсті. Мұндағы шаруалар киіктен келген шығынды өтеу, сол үшін есептеу әдістемесін бекіту және шетелге сатылған күнбағыстың әр тоннасына салынатын 100 еуро баж алымын жоюды сұрайды.
Жалпы Орал өңірі – ең малды аймақтың бірі. Сондықтан өңір шаруаларын қызықтырған басты мәселенің бірі – ет өткізу жайы.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Ет өнімдерін шығару бойынша бірқатар жұмыс жасалды. Мана айтып кеттім түсіндіріп. Әсіресе мына Қытай елімен үлкен келіссөздер жүргізіп жатыр, етті осы Қытайға экспорттауға. Бір ғана Қытайдың ШҰАР провинциясы жылына 20 млн тонна ет импорттайды екен. Соған барша мүмкіншілігіміз бар. 3 провинциямен жақында келіссөздер өтті. Соның бәрінің нәтижесінде ең басты сұрақ – Қытай нарығын бізге ашу, ауылшаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттау мәселесі.