Маңғыстау облысында МАЭК пен су тұщыту зауыты қайта жаңғырады

«Каспий» су тұщыту зауытын жаңғыртуды уақытылы аяқтап, МАЭК-тың жұмысын ретке келтіру керек.

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жергілікті әкімдікке осындай міндет жүктеді. Бұл кәсіпорындарға жөндеу жүргізу үшін қыруар қаржы бөлінген. Сондықтан Премьер-министр барлық істің тиянақты әрі кестеге сай атқаруды тапсырды. 

Премьер-министрдің бірінші барған нысаны – МАЭК. Маңғыстау және Атырау өңірлерін электр энергиясы, жылу және ауызсумен қамтып отырған кешеннің жұмысына қатысты бұған дейін біраз сын айтылған. Оның себебі де жоқ емес. Бүгінде кешендегі негізгі құрал-жабдықтардың 80%-дайы тозып тұр. Соның салдарынан төтенше жағдайлар жиілейді. Енді кәсіпорын жөндеу жұмыстарына қарқынды түрде кіріскен.

Жасұлан Сүйіншалиев, «МАЭК» ЖШС бас директоры:

- Биыл жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Өзіміз 46,8 млрд теңге ақшамызды бағыттап, жөндеу жұмыстарына кірістік. Тағы қосымша Үкіметтің резервінен де 5 млрд-қа жуық қаржы берілді.

МАЭК-тің жұмысын ретке келтіру үшін қаржылай қолдау бар. Енді Үкімет басшысы теңгені тиімді жаратып, жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- МАЭК атом энергия комбинатының тұрақты жұмыс істеуі Маңғыстау облысының ең күрделі мәселесенің бірі деп айтуға болады. Сондықтан біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстап отырмыз. 4,9 млрд теңгені Үкімет резервінен бөлдік. Сол ақшаға тиісті жабдықтар сатып алынып, МАЭК жаңартылуы керек. Сондықтан бұл жұмыстарды график бойынша уақытылы іске асыру керек және алдымызда келе жатқан жылыту маусымын тұрақты өтуін қамтамасыз ету керек.

«Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту жұмыстары 90%-ке аяқталған. Жұмыстардың толық атқарылуына ел қазынасынан 12 млрд теңгеден астам қаражат, оған қоса 5 млрд теңге Үкімет резервінен бөлінді. Нысанда жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін кәсіпорынның қуаттылығы 2 есе артады.

Нұрлыбай Аққұлов, «Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС директоры:

- Жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 90%-ке аяқтадық. Жыл соңына дейін, шамамен қараша айында жобаны толық тапсырамыз.

Үкімет басшысы жергілікті әкімдікке жұмыстардың уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды. Бүгінде бұл кәсіпорын 180 мыңнан астам тұрғынды таза ауызсумен қамтып отыр. Қазір оның қуаттылығы – тәулігіне 20 мың текше метр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Маңғыстау облысында, Ақтау қаласында жалпы тұрғындардың саны қарқынды өсіп келе жатыр. Сондықтан мынау ауызсуға деген сұраныс жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Сондықтан осы жоба өте маңызды. Екі есе қуаттылықты көбейтіп, 20 мың текше метр суткасына 40 мыңға дейін көтеру мәселесі. Сол үшін біз, жаңа өзіңіз айтқандай, Үкімет резервінен 5 млрд астам қаражат бөлінді. Енді осы қаражатты тиімді игеріп, жылдың соңына дейін осы жобаны іске қосуымыз керек.

Премьер-министр Ақтау қаласында тақауда ашылған оқушылар сарайына көрді. Жаңа нысан облыс орталығынан өзге жақын маңдағы Мұнайлы және Түпқараған аудандарында тұратын 5 мыңнан астам баланы тегін қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Мұнда көркем, ғылыми-техникалық және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейтін болады.

Динара Жұмашева, Маңғыстау облысы білім беру басқармасының басшысы:

- 165-тен астам педагогты қызметпен қамтитын боламыз. Мекемеде барлық қауіпсіздік шаралары алынған. 90-ға жуық бейнекамера орнатылған. Оқушыларымыздың үйірме жұмыстарын ұйымдастыру үшін 170-тен астам бөлме қарастырылған.

Сапар барысында Премьер-министр Мемлекет басшысы өзінің Сайлауалды бағдарламасында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін кемінде 100 ірі нысан салуды тапсырғанын жеткізді. Үкімет басшысының айтуынша, солардың бірі – осы оқушылар сарайы.

Авторы: Риат Шони.