Қазақстанның IT саласын бірқатар өзгеріс күтіп тұр
Жыл соңына дейін IT-факультеттерде сапа стандарттары енгізіледі.
Ал Отандық IT-қызметтердің экспортын ұлғайту үшін Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста Silk Road Hub өкілдіктері ашылады. Қазір елде 9 технологиялық хаб бар, жыл соңына дейін тағы 4 орталық іске қосылады.
Смартфон өндірмейміз, дегенмен мобилді ойын ойлап табу қолдан келеді. Алматылық бір топ жас мұны іспен дәлелдеді. «Ақыл батл» – қазақ тіліндегі тұңғыш интеллектуалды сайыс. Мобильді ойын былтыр жарыққа шықты. Қазір 605 мыңнан аса тұрақты қолданушысы бар.
Саяжан Совет, өнертапқыш:
- Абай жолына жеке категория,Көшпенділерге жеке категория арнадық, бір сұрақ төрт жауабы, адамдар басқанда дұрыс-бұрыс жауабы шығады. Ойында қарсыласын жеңіп, ұпай жинайды ғой, сол ұпайын сыйлықтарға айырбастауға болады.
Саяжан секілді талантты жастардан кенде емеспіз. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр 53 мыңнан аса түлек айти мамандығын тәмамдаған. Бұл - жылдағыдан 27 пайызға көп. Жастардың технологияға қызығуы мемлекетке де пайдалы. Қазір күллі әлем осы саланы дамытуға күш салып отыр. Астана хаб – озық ойлы жастардың екінші үйіндей. Дәл осы жерде олар тәжірибе алмасып, тың идеяларын бөліседі. Әзірге мұндай алаң еліміздің 9 өңірде ғана бар.
Аида Дусова, ASTANA HUB өңірлік даму кеңсесінің директоры:
- Тағы 4 айтихаб ашу бойынша жергілікті әкімшіліктермен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл Ақтау, Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларында. Қазіргі таңда 14 облыста комюнити менеджерлер бар. Диджитал номандспен бірге вебинарлар өтеді, Гугл дефпен бірге метафтар өткізіліп жатыр. Олимпиада, хакатондар өткізіліп жатыр. 300 іс-шара өткізілді, 7 мыңнан астам қатысушы келді.
Былтыр елімізде айти қызметтердің экспорты 5 есе өсіп, 334 мың ақш доллары көлемінде табыс таптық. Соның 153 млн доллары осы Астана хаб мүшелерінің еншісінде. Алайда тоқмейілсуге ерте. Президент үш жыл ішінде көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізуді міндеттеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Mемлекет басшысы цифрландыру мен отандық айти саланы дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Президент өз жолдауында 2026 жылға қарай қызметтердің экспортын 1 млрлд долларға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл нақты іске асыруға болатын міндет. Білім беру ісі мен айти инфрақұрылымды дұрыс, сауатты ұйымдастыра білу қажет, біз жаһандық айти нарықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылуымыз керек. Ол үшін әр өңірде өз айти хабы мен заманауи айти мектептер болуы керек.
Президент тапсырмасы салаға соны серпіліс беруге тиіс. Тек оны уақытылы орындау міндет. Министрлік де қам-қарекетсіз емес. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, алдымен мектептерде саланы дамытуға мән берілмек.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Инновациялық экономиканы құру үшін қажетті кадрлар базасын заманауи айти мектептер толықтырады. 11 желтоқсаннан бастап ІТ пәнінің мұғалімдерін оқыту үшін дәл осындай тетік енгізілетін болады. Оқу сапасын арттыру мақсатында жыл соңына дейін ІТ-факультеттер үшін тиісті сапа стандарттары енгізу жұмысын бастадық.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Кез келген өнертабыс қаржылай қолдауды қажет етеді. Бұл ретте әлем елдері венчурлік тетікті тиімді пайдаланып жатыр. Яғни, болашағы зор деген жобаға инвестор қаражатын құяды. Егер жоба өзін өзі ақтаса, қыруар пайдаға кенеледі.
Қазақстан нарығында 24 венчурлік қор бар, инвестиция көлемі 145 млн доллар. Алайда мұның өзі аз. Сондықтан Үкімет венчурлік индустриядағы шектеулерді жоятын жаңа заңнама әзірлеуді жүктеді.
Иә, технологиялық прогрестің жүрісі шапшаң. Қас-қағым сәтте дүние өзгеріп жатыр. Қазақстан да көштен қалмауға тиіс.
Назерке Тоқжан Серік Қоңырбаев