Отандық өндірушілердің дайын тауар айналымы 22% артты
Биылғы бірінші жартыжылдықта отандық өндірушілердің дайын тауар айналымы 39,4 миллиард доллар болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22%-ке жоғары. Оның үштен бірін жалпы құны 12,1 миллиард доллар отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты құрады. Экспорттың ең көп көлемі Ресейге, Қытай, Өзбекстан және Түркияға, алыс шет елдерден – Нидерланды, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Осы жылдың 6 айында қазақстандық дайын өнімді импорттаушы елдердің географиясы 114-тен 125-ке дейін кеңейді. Қазір елдегі өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуын қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік қолдау көрсетіп жатыр. Осылайша акселерация бағдарламасы қазақстандық компанияларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. Биыл бағдарламаға қатысу үшін тамақ, химия, тоқыма және қызмет көрсету салаларын экспорттайтын 111 кәсіпорын таңдалды.