Ақтөбелік бағбанның қауын-қарбызы ел бойынша сұранысқа ие
Өнімін брендке айналдырған шаруа!
Ақтөбе облысында бақша өсірумен танылған Спартак Төремұратовтың қауын-қарбызы ел аумағында сұранысқа ие. Жерлестерін жұмыспен қамтып отырған шаруа өзі туып өскен ауылдың дамуына да көңіл бөліп келеді.
Спартак Төремұратовтың еккен қарбызы дәл осындай ірі. Шынында, мұндай үлкен боп өсетін жеміс-жидек сирек кездеседі. Бұл ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Қарапайым ауыл тұрғынының талпынысы сонау тоқырау кезеңінде басталған. Сыр өңірінде көкөніс өсірудің сырын әбден меңгеріп, кейін туған өлкесінде қарбыз бен қауын тұқымын салып көрген. Алғашында 3 гектарға дән сеуіп, кейін оны 30 гектарға жеткізген.
Спартак Төремұратов, шаруа қожалығының басшысы:
- Қарбыздың менде қазір 21 гибрид сорты - түрі егіліп тұр. Қауынның төрт түрі эксперимент ретінде ектім. Үкімет маған 58 млн теңгеге тегін электр желісін, бақша суаратын мотор орнатып берді. Бірақ, мен өзім көмек сұрап, "ананы бер, мынаны бер" деуге ұят. Өйткені үкімет емес, біз мемлекетке беруіміз керек.
Шаруаның жері Ойыл мен Қиыл өзендерінің жағасында. Яғни судан тапшылық көрмейді. Өнімі сапалы, әрі дәмді болғандықтан жоғары сұранысқа ие. Ақтөбенің базарлары мен дүкендері қарбыз-қауын алу үшін Спартак Төремұратовпен келісім жасаған. Шаруа елдің оңтүстік аймақтарындағыдай өнімді ерте алудың да жолын тапқан.
Қалқаман Бисенғалиев, жұмысшы:
- 14 жыл болды осы жақта жұмыс істеп келе жатқаныма. Еңбекқор. Жылда осы жаздай бақшада. Осы өнімімізді сатамыз. Айлық көтеріліп тұр қазір, айына 180 мың. Түнімен тиеген уақыттарда больше қосылады үстіне. Отбасым да осы жақта жұмыс істейді.
Кәсіпкер туған ауылы Саралжыңның жағдайына да көңіл бөледі. Қазір жастар орталығын салуға кіріскен. Ал бау-бақшадағы өнім піскенде ондаған жерлесін жұмыспен қамтиды.
Спартак Төремұратов, шаруа қожалығының басшысы:
- Маусымдық жұмысқа мен 20 оқушыны тартамын. Олар күніге 4,5,6,8 мыңға дейін табады. Жыл сайын мен оларды Алматы, Астана қалаларына тегін өз ақшама қыдыртып алып келем. Ол билеттері, баратын, жататын қонақ үйі, ішетін тамағы, қыдыратын түгел өз мойныма аламын.
Абат Мүбараков, Ойыл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Ойылдың бренді болды қарбыз-қауын егіп жатқан. Осы Спартактан үлгі алып, қазір егіп жатқан жеке адамдар да бар - тұрғындар. Биыл мынау "ауыл аманаты" бойынша бау-бақшаға егіп, алып жатқан азаматтар да бар.
Жалпы облыс аумағында диқаншылыққа бет бұрған ауыл тұрғындары жылдан жылға артып келеді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев