Өңделген өнім: Қарқаралы ауданында 6 жоба жүзеге асады

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы 3 жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ке жеткізуді тапсырды.

Осы орайда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында келесі жылы 6 бірдей жоба жүзеге асады. Шағын ауылда қазірдің өзінде сәтті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар бар.

Егіндібұлақ ауылында ашылған мына шағын цехтың өнімін қазір облыс жұрты іздеп жүріп алады. Себебі тағамдары еш қоспасыз, таза еттен жасалған. Кәсіпорында 5 цех жұмыс істеп тұр, 30-ға жуық адам еңбек етеді. Олар бір ауысымда тұшпара, шұжық, мәнті секілді 1 тонна дайын өнім шығарады. 

Елдос Рысқұлбеков, цех басшысы:

- Өнімнің 10-ға жуық түрі шығарылады. Қазіргі таңда бізге өнім түрлерінен 2 өнім түрі қосылды. Ол «фаршированный перец» дейді, тушенканың бір түрі қосылды, жылқынікі. Өнім бұрын аудан көлемінде ғана болса, кейінен облыс көлемінде, қазіргі таңда көршілес Ұлытау облысына да шығарылып жатыр. Шикізатты әлі сатып алудамыз. Қазір жеке шаруа қожалығын ашып, жұмыс жасаудамыз. Шикізат өзімізден болса, 10-20%-ке кішкене баға түседі.

Қарқаралы ауданында соңғы жылдары мал басы едәуір өскен. Қазір төрт түліктің саны 400 мыңнан асып жығылады. 839 шаруа қожалығы бар. Солардың біразы алдағы жылы ауқымды жобаларды жүзеге асырғалы отыр.

Айдын Қасымов, ҚАРҚАРАЛЫ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Келесі жылы Угар ауылдық округінде Ақбұлақ Агро деген ауылшаруашылық кооперативі сүт өңдеуді қолға алып, цех қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қоса бізде ауданда биылғы жылы іске асырылатын инвестициялық жобамыз бар, ол – Қарынши шаруа қожалығында 1500 бас қой етін өңдеу, 1500 бас мал бордақылау алаңын ашу.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да 172 шаруа қожалығы 1 миллиард 200 миллион теңг несиеге сұраныс берген. Бүгінгі күні соның үштен бірі қаржыға қол жеткізіп, шаруаларын кеңейтіп жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.