Созақ ауданы жаңбырлатып суарған өнімін жәрмеңкеге шығарды

Жері шөлейтті, климаты құрғақ өңірдің шаруалары жаңа технологияның көмегімен бау-бақша дақылдарын егіп отыр.

Түркістан облысы Созақ ауданының шаруалары жаңбырлатып суару арқылы мол өнім алып, табысын арттырып келеді. Биылғы өнім Шолаққорған ауылында өткен «Алтын күз» жәрмеңкесіне шығарылды.

«Алтын күз» жәрмеңкесі – диқандар үшін ерекше мейрам. Алажаздай еткен еңбек пен төккен тердің нәтижесін көретін күн. Сондықтан биылғы жәрмеңкеге Созақтық шаруалар барын алып келді. Табиғи таза өнімдер халыққа нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылды.  

Алтынай Бекбауова, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Мен еді өзіміздің ауылдың, жергілікті жердің өнімі болғаннан кейін, бағасы төмендеу болғасын үйге керекті заттарды алдым. Алма, балық, құс өнімдерін. 

Айткүл Алдабергенова, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Арзан барлығы, етте алдым, картоп, пияз алдым. Барлығы көңілімізден шығып жатыр. Өте жақсы. Бола берсін ауданымызда. 

Созақтық диқан Шәріпжан Рысметов 6 жылдан бері бақша дақылдарын егеді. Алғашында судан қатты қиналған ол жаңбырлатып суару қондырғысын енгізген. Соның арқасында шөлейітті жерге қауын-қарбыз егіп, пайдасын көріп отырғанын айтады. Бүгінгі жәрмеңкеге өз өнімдерін алып келген. 

Шәріпжан Рысметов, диқан:

- Бүгін 2 тонна қарбыз, 1 тонна қысқа сақтайтын қауын-қарбыз әкелдім. Орталықтағы бағадан 30-40 теңге арзан. Халық өте дән риза. Алып жатыр. 1 сағатта 70 пайызын сатып үлгірдім.

Назерке Жаппарова, сатушы:

- Балдысу-Қарабұлақта өзіміздің 20 гектар бауымыз бар. Барлығын өзімнің қайынатам еккен. Өзіміз күтіп баптаймыз. Қазір 300 сатып жатырмын алманы. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп, сол мақалды ұстанып келе жатқан адамдармыз. 

Бұрын мал шаруашылығымен күнелткен Созақтықтар енді жерді игере бастады. Ауданда 6,5 мың гектар егістік алқап бар. Бірақ су жоқ. Қайтпек керек? Шаруалар жаңа технологияның көмегімен бұл қиындықтан да шықты. Биыл аудан шаруалары 20 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алса, 3 шаруа қожалығы жаңбырлатып суару қондырғысын іске қосты. Сөйтіп 200 гектар жерді қолданысқа енгізді.

Қайырбек Мейірманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Техникаларымыздың жаңаруы, шаруаларымыздың жерді игеруге ынтасы бізді өте қызықтырады. Су тапшылығы өте үлкен өзекті мәселе. Соған орай жаңбырлатып суару, тамшылатып суаруға өтіп жатырмыз. 6 шаруашылық қарбыз-қауын, бақша дақылдарын егіп, Астана, Алматы қалаларына тасымалдауда. Суықтың ерте түсуіне байланысты шаруаларымыздың өндірген өнімдерін халыққа ұсынудамыз. 

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында аудандағы үздік тауар өндірушілер марапатталды. Жалпы биыл Түркістан облысының шаруалары құны 687 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді жоспарлап отыр. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов