Қызылорда облысында күріш жинау науқаны кеш басталды

Жаздағы су тапшылығы күріштің шығымына әсер етті.

Қызылордалық кейбір диқандар  түсімнің күткендей болмағанын айтады.  Одан бөлек  Үшінші интернационал ауылында жиын-терім бірнеше күнге кеш басталған.

Үшінші интернационал ауылындағы шаруашылық биыл 2156 гектар жерге күріш екті. Жазда суармалы су тапшы болып, егін 15 күнге кеш піскен. Сондықтан биылғы күріш ору науқанын кеш бастадық және межеден 5-7 центнердей кем өнім жинап жатырмыз дейді,-дейді мамандар. 

Ерболат Әбенов, шаруа қожалығы төрағасының орынбасары:

- Оның үстіне Лидер күріші Кубаньға қарағанда 4-4 жарым мың килокаллория күннің сәулесімен өсетін өсімдік болғандықтан оның уақыты жетпей, дәл осы тамыз айында ауа райы салқындап кетіп, осындай кешігіп жатырмыз. Былтырғыға қарағанда біз 15 күнге кейін келдік.

Үшінші интернационалдықтар басты дақылдың 30 пайыздан астамын қамбаға бастырса, Ақжар ауылындағы шаруашылық 750 гектар күріштің 70 пайызын жинап үлгерген. Ауыл диқандары мұндай жақсы нәтижеге ерте көктемнен жасалған тыңғылықты дайындықтың арқасында қол жеткізіп отыр. 

Нұрлан Қомшабаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Су тапшылығы болды. Бірақ жерімізді көктемде су қауіпсіздігіне дайындалып, лазерлеп тегістеп, сонымен қатты әсерін тигізген жоқ. Суды кезектестіріп, әр поляны, үш мына поля ішсе, үш күн анау поляны суарып, сондай қиыншылықты жеңіп өттік.

Биыл Қармақшы ауданы 26 мың гектардан астам жерге егін еккен. Оның 17 мың 770 гектары ақ күріштің үлесінде. Аудан бойынша егін жинау науқанына 500 техника жұмылдырылған. 

Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:

- Кейбір жерде жердің суы жақсы тартылып, осы кезде егін жинауға мүмкіндігі бар. Кейбір шаруашылықтарда электр насостарын қосып, дизель насостарын қосып, сондай насостардың күшімен су тартып, оны әрі қарай кептіріп, егін жұмыстарын жинап жатырмыз. Қатты қиналып жатқан шаруашылықтарға мемлекет тарапынан да, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан да, көршілес шаруашылықтардың тарапынан да көмек болып жатыр. 

Өңірдің басты дақылы биыл 89 мың гектар жерге егілді. Қазір оның 70 пайызы орылған. Егін жинауға 4 мыңнан астам техника қатысуда. Облыс бойынша жиын-терім науқанын 10 қазанда аяқтау жоспарланып отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев