Shell компаниясы 18 млрд доллар инвестиция салды
Соңғы 30 жылда «Шелл» компаниясы ел экономикасына 18 миллиард доллардан астам инвестиция салды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы «Шелл» концернінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында айтты. Президент халықаралық «Шелл» энергетикалық концерні еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы алғашқы шетелдік инвесторлардың бірі екенін атап өтті. Компания әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақтың операторы саналады. Қарашығанақты кеңейту жобасының кезеңдерін уақтылы іске асыру сұйық көмірсутегін өндіруді 10-11 миллион тонна деңгейінде сақтауға ықпал етеді. «Шелл» өз жобаларында жұмысқа жергілікті кадрларды тартуға айрықша мән береді. Бүгінде Қарашығанақ және Қашаған жобаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің 95 пайыздан астамы – Қазақстан азаматтары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шелл» концернінің және басқа да акционерлердің үйлесімді жұмысы Қашағанның «ғасыр жобасын» іске қосуға мүмкіндік берді. Бүгінде Солтүстік Каспий жобасы жаһандық энергия нарығында маңызды рөл атқарады және еліміздегі мұнай өндірісінің 20 пайызын қамтиды. Көмірсутегін өндіруден басқа, оларды әлемдік нарықтарға тасымалдау үшін инфрақұрылым құрудың маңызы зор. Бұл бағыттағы алғашқы табысты жоба – Каспий құбыр консорциумы. Оны жүзеге асыруға «Шеврон», «ЭНИ», «Шелл», «Лукойл» және тағы басқа жетекші мұнай компаниялары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның әлеуметтік жауапкершілігіне арнайы тоқталды. «Шелл» өз жобаларында жұмысқа жергілікті кадрларды тартуға айрықша мән береді. Сондай-ақ аталған концерн «Күн энергиясы – мектептерге», «Шелл эко-марафоны» және басқа да жобаларды жүзеге асыра отырып, экологиялық мәселелерді шешуге жастарды белсенді тартады. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы жас кәсіпкерлер мен әйелдерді қолдау бағдарламалары арқылы елеулі үлес қосады. Компания оларға бизнес ашу үшін кеңес беру қызметтері мен бастапқы капиталды ұсынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Отандық кәсіпкерлермен кездесуде жергілікті инженерлер мен компанияларды міндетті түрде тарта отырып, жобалық дизайн кеңселерін Қазақстанға көшіруге жәрдемдесуді тапсырдым. жергілікті өнім үлесін арттыру үшін өндірушілерімізге ірі мұнай-газ жобаларын іске асыруға жол ашу маңызды. «Шелл» концернінің белсенді және конструктивті ұстанымы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қосып, компанияның имиджін одан әрі жақсартатынына сенімдімін.