Алматы облысында етті бағыттағы ірі қараны көбейтіп жатыр
Алматы облысындағы қожалықтар етті бағыттағы ірі қараны көбейтіп жатыр.
Жалпы соңғы жылдары мал шаруашылығына бет бұрғандардың қатары артты. Президент те халыққа жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне жіті тоқталды. Агросекторда серпіліс жасау ел экономикасын өрге сүйрейді. Ол үшін отандық тауар өндірушілерді қолдау керек. Бұл ретте ірі шаруа қожалықтарының көпжылдық тәжірибесін ортақ іске тоғыстыру қажет- деді мемлекет басшысы. Жолдауда жүктелген тапсырмаларды өңірде іске асыруға мүмкіндік мол.
Бірлік ауылының тұрғыны Жандос Әбенұлының мал шаруашылығымен айналысқанына биыл сегізінші жыл. Ата кәсіпті қарқынды дамытуды мақсат етеді. Иегілігінде үш мың бас ірі қара бар. Асыл тұқымды герефорд тұқымы 500 ден асады. Етті бағытта жұмыс істейтін серіктестік малды асылдандыруға мемлекетен субсидия алған.
Жандос Әбдіжаппаров, шаруа қожалығының басшысы:
«Субсидия алмаса мал шаруашылығына қиын ғой. Субсидия алып отырамыз. Селекциялы жұмыстарға аламыз субсидия. Және жем-шөпке субсидия аламыз».
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау маңызды. "Ауыл аманаты" бағдарламасының да елге септігі тиіп жатыр. Келесі кезеңінде жеңілдетілген несиемен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек деген еді Президент өз жолдауында. Бұл ретте биыл Балқаш ауданында жеңілдетілген несиге 50 ге жуық адам қол жеткізген.
Бауыржан Дәрібаев, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары:
«Бізден 350 өтініш түскен 1 млрд үстіндегі қаражатқа заявка. Бүгінгі күнде 43 адам 287 млн.көлемінде кредитін алып, өзінің кәсібін бастап жатыр. Оның ішінде ірі қара малын сатып алу».
Балқаш ауданының халқы негізінен ірі қара өсіреді. Өйткені жер жағдайы соған өте қолайлы. Қазір ауданда 150 мың бас ірі қара бар. Жем-шөп қоры мол өңірде осы күнге дейін 170 мың тонна қысқы мал азығы әзірленген.
А.Садуақас, А.Дүйсембаев, А.Жөнкешов