Оңтүстіктегі жылыжай иелері субсидияға зәру
Атап айтқанда, қуат көзіне кеткен шығынды өтеу үшін мемлекет көмегін сұрап отыр.
Саланың дамуына түрткі болатын бұл қолдау түрі жақында қайта жанданған. Бірақ электр энергиясы, көмір мен газға кететін шығынды өтеу көлемі әлі бекітілген жоқ. Шаруалар көмектің қомақты болғанын қалайды. Себебі өткен қыстың өзі жылыжай шаруашылығына айтарлықтай ауыр болды.
Шымкенттің шетінде қаз-қатар тұрған жылыжайлар қала өмірінде зор маңызға ие. Осындағы 200 гектарға жуық аумақта Жарқын Байдуллаевтың шағын учаскесі орналасқан. Ол қанша еңбек етсе де, мол табысқа кенелген емес. Себебі жерден өнім алуға жұмсалатын шығын көбейіп барады.
Жарқын Байдуллаев, жылыжай басшысы:
- Шығын өте көп. Себебі удобрениеміз бар, көмір бар, свет бар, газ бар, жалпы айтатын болсақ, электр энергияға біз жылына 20 млн-нан аса ақша кетеді. көмірге 40-50 млн ақша кетеді. Үш гектарға.
Шығынға батқан шаруалардың жанайқайы тиісті ұйымдарға жеткен. Енді көкөніс өсірушілерге электр энергиясы, көмір және газ үшін субсидия бөлінеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері айтты.
Сұлтан Айхан, ҚР АШМ департаменті директорының орынбасары:
- Субсидия нормативін жергілікті атқарушы орган дақыл түрлеріне қарай белгілейді. Яғни әкімдік қаулымен бекіткен соң, субсидиялауға құқылы. Ал оның көлемін айту әлі ерте. Осы ретте жергілікті бюджеттің мүмкіндігі де ескерілуі керек.
Алтынбек Сұлтанмұрат, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы:
- Біз қазіргі уақытта ҚР ғылыми зерттеу институттарына хат жолданды. сол зерттеу институттарының 1 гектар жылыжайға кететін шығындарын бізге жолдағаннан кейін біз сол шығындарға сәйкес, бюджеттен ақша сұрап алдағы уақытта мемлекеттен қолдау көрсетілетін болады.
Жылыжай шаруашылығымен айналысатындар көрші елмен бәсекелес болу қиын екенін көптен бері айтып жүр. Импорттық көкөністер отандық өніммен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі. Айтуларынша оларда коммуналдық қызметке кететін шығын қалтаға ауыр тимейді.
Мырзахмет Сынабаев, Түркістан облысының жылыжай шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:
- Февраль, мартта шығатын өнімді жылыны үнемдеу үшін шаруашылықтар, майда шығарады. Түсініп тұрсыз ба? Сонда апрель,март біз импорт жейміз тек қана шеттел келген өнім. Ол өте қымбат бағада келіп жатыр. Сол себептен қазір мына субсидияны берсе, январь, февралда өндіріс қуаттылығы күшейіп, мартта, февралда шығар еді.
Жылыжай шаруашылығы қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, қазір шығынға белшеден батып, бас көтере алмай жатқан қожалықтар көбейіп келеді. Тек Сарыағаш ауданының өзінде осы кәсіптің төрттен бірін сатуға қойғандар бар. Ал мемлекеттік қолдау саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бірақ оған иелік ету үшін өндірістік технологияның сәйкестік сертификаты секілді құжаттар қажет.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов