Газ саласының үздік шеберлері Түркістан облысында бас қосты
«ИнтерГаз Орталық Азия» компаниясының жүзден аса жұмысшысы «Үздік маман» байқауының финалдық кезеңінде сайысқа түсті.
Әр өңірден іріктелген мықтылар өзара бақ сынады. Кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін шара ұлттық оператордың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Байқауға Тараздан келген білікті маман Рауан Байқожаев та қатысуда. 18 жылдық тәжірибесі бар слесарге жер асты құбырдағы ақауды аз уақытта анықтап, газ шығынын тоқтату тапсырмасы берілді. Өз өңірінің озаты сынақтан сүрінбей өтті.
Рауан Байқожаев, слесарь /Тараз қаласы/:
- Тапсырманы орындадық. Бәрі сәтті, бәрі жақсы өтті. Енді адамбыз ғой. Қателіктер болуы мүмкін. Қателіктерімізді бізге айтады. Мына жерін дұрыс істемедіңіз. Мына жерін дұрыс істедіңіз деген сияқты. Қосымша өзіміз біліктілігімізді жоғарылатамыз.
Шеберлер дәстүрге айналған бұл байқауда барлығы 15 аталым бойынша теория мен тәжірибені ұштастыруға тиіс. Сарапшылар кеткен уақыттан бөлек жұмыстың сапасын бақылап, қауіпсіздік шараларын сақтауды қадағалайды. Сондай-ақ, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын бағалайды.
Мейірбек Ихсанов, "Qazaqgaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- «ИнтерГазға» 25 жыл толып жатыр. 25 жылдың ішінде еңбегі сіңген ардегерлер де бар. Сондықтан сол ардагерлерге қарап, жастар келіп әрі қарай жалғастырып жатыр. Сол үшін «Үздік маман» өте маңызды.
«ИнтерГаз» елдегі 21 мың шақырымнан аса магистралды газ құбырына қызмет көрсетеді. Сондықтан жұмысшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттыру маңызды,-дейді компания басшылары. Үш күнге ұласқан финалдық кезеңде командалық есеп бойынша Шымкенттік филиал жеңімпаз атанды.
Сәкен Исмаилов, "Интергаз Орталық Азия" АҚ Шымкент магистралдық газ құбырлары басқармасының директоры:
Өте қуаныштымыз. Біздің жұмысшыларды бұл ынталандырады және тәжірибесін арттырып, теория жөнінде барлығын нығайтып жұмыста қауіпсіз еңбек етуімізге жақсы ықпалын тигізеді.
Мерей тойға орайластырылған салтанатты шарада шеберлерге қауіпсіздігі жоғары жаңа жұмыс формасы ұсынылды. Ал «Үздік маман» атанған жұмысшыларға «Құрмет каскасы» беріліп, жалақысына үстеме ақы төленетін болды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов