Атырау облысында жас кәсіпкерлерге 2,5%-тік несие беріле бастады
Атырау облысында жас кәсіпкерлерге арналған несиелік бағдарламаға сұраныс артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оларға мемлекет қолдауымен Аграрлық несие корпорациясы арқылы 2,5%-тік өсіммен несие беріле бастады. Өткен 9 айда 900 млн теңгелік 142 жоба мақұлданыпты. Бұл – 21-35 жас аралығындағы талапкер жастарға ұсынылып отырған мемлекеттің қолдауы. Ең басты шарт, кәсіпкерлік нысан ашқанына 5 жылдан аспауы керек. Осы талапқа сай келетін жүздеген жас кәсіпкер бизнес ашуға және кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алып отыр. Оның ішінде жиһаз жасау, көлік жөндеу орталықтары мен тігін шеберханаларын ашқандары бар. Үстіміздегі жылы мемлекеттен 136 жобаға 680 млн теңге бөлінген болатын. Алайда жас кәсіпкерлердің сұранысына орай тағы 8 жобаға қосымша қаражат қарастырлып, мақұлданды.
Гүлзада Шалағұлова, «Аграрлық несие» корпорациясының Атырау филиалының директоры:
- Қосымша тағы 250 млн теңге қаражат бөлініп тұр. Үміткерлер бар, келіп жатыр. Жалпы проценті өте тиімді – 2,5%. Несие мерзімі 5-7 жыл кәсіпкерліктің түріне қарай. Жалпы зерделеп қарасақ сұраныс беріп жатқан жастарға тоқтау жоқ.