Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы құрылады
Қайта сақтандыру компаниясы құрылса, Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі сауда айналымы 6 млрд долларға өседі.
Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында айтылды. Жоғарғы палата Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялады. Келісім былтыр 20 қазанда Ереванда жасалған еді. Құжат аясында компания экспортты қолдау шараларын жүзеге асырады. Яғни, қайта сақтандыруды және экспорттық кредиттерді қамтамасыз етеді, қатысушы мемлекеттер мен үшінші елдердің экспорттық кредиттік агенттіктерімен байланыс орнатады. Сондай-ақ тәуекелдерді зерттеп, оны азайтуға күш салады. Нәтижесінде бірлескен бизнес-жобалардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашылады деп күтілуде.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы келісім арқылы Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының мәртебесі, функциялары, басқару және оның қызметіне аудит пен ревизия жасау мәселелері реттеледі. Мақұлданған заң мүше мемлекеттердің сыртқы саудасының дамуына және ішкі өндірушілердің экпорттық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артуына өз ықпалын тигізеді деп сенеміз.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бірінші, өзара сауда, инвестиция ұлғаяды деп отырмыз. Екіншіден, жалпы осы қатысушы мемлекеттердің арасындағы сауда-экономикалық интеграцияны дамытады. Үшінші мәселе, осы қатысушы мемлекеттердің үшінші елдермен жалпы қарым-қатынасын ұлғайтады деп отырмыз. Жалпы Қазақстанға келетін болсақ, бұл мәселелердің барлығы да Қазақстанның экспорттық әлеуетін ұлғайтуға әкеледі деген үлкен сенім бар.