Ақтөбе облысында жеті мыңнан астам адам көлік салығын төлемеген
Ақтөбе облысында 7 мыңнан астам жүргізуші көлік салығын төлемеген.
Олардың берешегі 280 миллион теңгеден асады. Аймақтағы мемлекеттік кіріс басқармасының өкілдері полицейлер және сот орындаушылармен бірігіп рейд өткізіп жатыр.
Берешегі бар жүргізушілер «Автоураган» құрылғысымен анықталады. Көліктің мемлекеттік нөмірі бақылау камерасына түскен бойда жүйедегі ақпарат автоматты түрде сарапталып, салық туралы мәлімет береді.
Ерік Сағындықов, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы:
- Жағымсыз салдарды болдырмау мақсатында салық төлеушілерге салық қарыздарының болған жағдайда ерікті төлеулерін ескертеміз. Салық қарыздарының бар-жоғын Е-Салық азаматы мобильдік қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы анықтауға болады.
Қазір облыс аумағында салық төлемеген 7347 көлік иесі анықталған. Қарыз сомасы 280 млн теңгеден асады. Олардың арасында 3 жарым миллион теңге берешегі барлар да кездеседі, дейді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы.
Айбек Досқазиев, жеке сот орындаушысы:
- Егер қарыз сомасы 40 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, көлік иесіне шекара асуға шектеу қойылады. Ол салықты толық өтегеннен кейін қалаған жеріне шыға алады.
Бүгінгі рейд барысында салық төлеуден жалтарған оннан астам жүргізуші анықталды. Алты көлік уақытша айыппұл тұрағына қойылды.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков