Шымкентте мектептер жанынан жылыжай кешендері ашыла бастады
Шымкент мектептерінің жанынан жылыжай кешендері ашыла бастады.
Қазір 16 білім беру ұйымында ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ оқушылар тропикалық белдеуде өсетін жеміс ағаштарына тәжірибе жасап, жерсіндіріп жатыр. Осының арқасында зертханалық алаңдарда 800-ге жуық өсімдік түрі жайқалып шықты. Оқушылар оларды тек күтіп-баптап қана қоймай, IT саласының жетістіктерін пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кірісті.
№89 ІТ мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушылары жаратылыстану пәнін жылыжай кешенінде өткізеді. Мұнда өздері шығарған қияр мен қызанақтың көшетін егіп, зертханалық талдаулар жасайды. Өнімді еселеудің жолдарын ізденіп, ғылыми жұмыстармен айналысады.
Қазына Рустамова, ІТ мектеп-лицейінің оқушысы:
- Олардың құрылымы өте қызықтырады адамды. Сондықтан біз үнемі осы жерге келіп, экспериметтер жасаймыз. Соның арқасында түрлі көкөністердің құрылымын, құрылысын білеміз. Оларда қандай дәрумендер бар екенін барлығын толықтай біле аламыз.
Зертханалық кешенге оқушылардың ІТ технологиядағы жетістіктері де енгізілген. Жылыжайды желдету мен су бүрку жүйесі қалта телефоны арқылы басқарылады. Сонымен қатар су температураларын робот көмекшілер бақылайды. Заманауи мүмкіндіктер экзотикалық жеміс ағаштарын жерсіндіріп, ерекше күтімге алуға көмектесті.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Ал мына пирамида пішініндегі жылыжайдың іші үш аймаққа бөлінген. Тропикалық белдеуде цитрусты жеміс ағаштары, мандарин, лавр, ананас және кивидің көшетері өндірілуде. Сондай-ақ маракуйя өскіні жапырақ жайып, жақында түйнек салды.
Нұрлыбек Қошқаровтың айтуынша тропикалық белдеудің іші 20 градус жылылықтан төмен болмауы керек. Сонда ғана жеміс ағаштары жайқалып, бүр жарады.Ізденімпаз өрен жетекшісінің бағыт-бағдарымен автоматтандырылған жүйені меңгеріп алды.
Нұрлыбек Қошқаров, ІТ мектеп-лицейінің оқушысы:
- Бұл жерде технологияды тиімді пайдаланып жатырмыз. Біз өзіміздің жұмысымыздың 50% қолмен істесек, қалғанын технология арқылы істейміз. Флора мен фаунаның автоматтандырылған жүйесін әлемнің әр бұрышынан басқара аламыз.
Талабы жоғары оқушылар картоп пен жержаңғақ көшеттерін топырақта емес, сумен өсіп, өндірді. Аэропоникалық тәсілдің арқасында банан мен лимон, құрма ағаштарының көшеттерін шығарылып, жерсіндірілді.
Әсия Нарымбетова, ІТ мектеп-лицейі директорының орынбасары:
- Зерттей келе осы оқушылардың қызығушылығының арқасында пән мұғалімдерінің талабының арқасында будандастыру арқылы жаңа сорттарын шығаруға әрекет жасап, ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр. Селекциямен айналысады оқушыларымыз. Көптеген тропикалық өсімдіктерді біз бейімдеуге қол жеткізіп, соны Қазақстан жерінде қалай өсіру жолдарын таптық.
Мектеп оқушылары жылыжай кешенінде 100-ге жуық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Ондағы үздік деп танылған 5 жоба республикалық байқауға жолдама алып, жүлделі орынға ие болды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы