Қарағанды облысында жасы зейнетке таяған жұрт жұмысқа тұрды

Қарағанды облысында зейнет жасына жақындаған 700 адам жұмысқа тұрды.

Егде тартқан жандарға екі қолға бір күрек табу оңай емес. «Күміс жас» бағдарламасы 50 жастан асқан азаматтарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Нафиса Мұхитова алпысты алқымдаса да, әлі тың. Бірақ жұмыс сұрап барған жерде жасына қарап, бас шайқап, шығарып салатын. Талай жыл тігінші болған ол бұдан былай жұмыссыз қалдым деп ойлаған. Бірақ жақында жолы болды.

Нафиса Мұхитова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Мен көптен бері мамандығым бойынша жұмыс істегім келген. Жас кезімде Абай тігін фабрикасында еңбек еттім. Содан кейін Қарағандыға көшіп, базарда сатушы болып жұмыс істедім. Кейін қайта бұрынғы салаға оралғым келді. Жаңа ұжым жақсы, жалақысы да тәуір.

«Күміс жас» бағдарламасына қатысу кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі жұмысшыға тағайындалған жалақының тең жартысын мемлекет төлейді. Бағдарлама кадр тапшылығын тартқандарға да, жұмыс іздеп жүргендерге де тиімді.

Дәурен Қошқаралиев, "Еңбек ұтқырлығы" орталығы басшысының орынбасары:

– Қазір облыс бойынша 3 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Алдымен адам жұмыссыз ретінде тіркеледі, содан кейін бос орынды таңдайды. Қазір тігінші, аспаз, кондитерлер мен есепшілерге сұраныс бар. Бағдарлама үш жылға созылады.

Бұрын бағдарламаға тек зейнет жасына шығуға екі жыл қалғандар қатысатын. Енді 50 жастан асқандар да жұмыспен қамту орталығына барып, білімін жетілдіріп, жұмысқа тұра алады. Тек ынта болса болды дейді жауаптылар.