Кредит алудың зиян жақтарын мектептен бастап үйрету ұсынылды

Қаржылық сауаттылық негіздерін мектеп бағдарламасына енгізу керек.

«Қарызсыз қоғам» жобасының Ақтөбе облысындағы өкілдері осындай ұсыныс айтты. 8 мыңнан астам тұрғынға дәріс берген сарапшылар қатсыушылардың 70 процентке жуығының несиесі бар екенін анықтаған. Әсіресе жастар арасында ойланбай қарыз алып, қайтара алмай жүргендер көп. Жалпы облыста 190 адам банкрот деп танылды. Үш мыңға жуық адамнан өтініш түскен. Мамандар берешегі барлардың қаржылық сауаты таяз дейді. Ауылдықтармен жүздескен сарапшылар отбасы бюджетін жоспарлау, несие алу реті мен жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты мәліметтермен таныстырды. Алаяқтардан сақтану жолдары жайлы да мағлұмат берді. Тегін сабақтар айдың соңына дейін жалғасады.

Гүлнар Сейтжаппарова, "Қарызсыз қоғам" жобасының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі:

- 18-ге толған студенттердің арасында да қарызы бар адамдар шығып жатыр. Несиесі бар, алаяқтарға түсіп қалған адамдар бар. Сондықтан олар өздері басынна бастап, мысалы 14 жасынан бастап қаржылық сауаттылыққа үйренетін болса мен ойлаймын болашақта біз қарызы жоқ қоғамға айналып келеміз.