Шанхай көрмесіне елімізден 30 өндіруші қатысып жатыр
10 жыл ішінде Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бойында орналасқан елдермен алыс-беріс көлемі 19,5 трлн долларға жетті.
Ал инвестициялардың жиынтық көлемі 380 млрд доллар. Орталық Азияның Қытаймен сауда көлемі де қарқынды өсіп жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 70 млрд долларға жетті. 2030 жылға қарай тауар айналымын 100 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қытайдың 6-халықаралық импорттық көрмесіне қатысу кезінде айтты. Шанхайда өткен шараға әлемнің 130 елінен делегациялар келді. Үкімет басшысы логистиканы оңтайландыру үшін Қазақстандық қоймалардың құрылысын дамытуға дайын, - деді. Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Өйткені мемлекетіміз әлемдегі ең ірі бидай мен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіреді. Бүгінде Қазақстанның экологиялық таза майлы дақылдары, ет және басқа да өнімдері Қытайға экспортталып жатыр.
Ядыкар Ибрагимов, Майлы дақыл өңдеушілер ұлттық қауымдастығы басқармасының төрағасы:
- 2022 жылы 122 мың тоннадан астам майлы дақыл экспорттадық. Өнімнің жалпы құны 170 млн долларға тең. Биыл экспорт көлемін тағы 40 пайызға ұлғайтып жатырмыз. Бұл жалпы салмағы шамамен 170 мың тоннаға жуық тауар. Сауда және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе жоғары ақуызды жем азығын Қытай нарығына шығару бойынша жұмыс істеп келеміз. Қытай нарығы ашылса, қазақстандық экспорт көлемі 2024 жылы 200 мың тоннадан асуы мүмкін.