Қазақстан ЭЫҰ-ның әрбір еліне жүзге жуық тауар түрін экспорттай алады
Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының әрбір еліне 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын.
Бұл туралы ұйымының 16-шы саммитінде Әлихан Смайылов мәлімдеді. Жиында құрылымға мүше мемлекеттермен сауда байланысын нығайтып, логистикалық кедергілерді жою мәселелері талқыланды. «Былтыр Қазақстанның ұйым елдерімен тауар айналымы 40%-ға өсіп, $16,5 млрд-қа жетті. Ал биылғы 8 айда тауар айналымы 3%-ға төмендеді. Көрсеткішті жақсарту үшін еліміз қосымша тауар экспорттауға дайын», — деді Үкімет басшысы. Ал сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы – Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік ынтымақтастық орталығының маңызы зор. Дәл осындай кешен Қырғыз елімен арадағы шекарада да салынбақ. Жалпы Экономикалық ынтымақтастық ұйым елдері шамамен 500 млн халқы бар 8 млн шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Ондағы жалпы ішкі өнім 2 трлн доллар.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Ұйымға мүше 10 мемлекеттің 7-нің дүниежүзілік мұхитқа шыға алмайтындығы өте өзекті мәселе болып табылады. Қазақстан транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық бере отырып, инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға белсенді түрде қатысуда. Оның әлеуетін арттыру мақсатында былтырдан бастап Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия мемлекеттері 2027 жылға дейін тар жерлерді синхронды жою және орта дәлізді дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруда. Ал Өзбектсаннан Қазақстанның батыс аймақтарына тікелей қатынасты қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Шалқар автожолы салынады.